НҰР-СҰЛТАН, 6 мамыр – Sputnik. Биыл үлкен қажылық маусымы 11 тамыз – Құрбан айттың бірінші күніне белгіленіп отыр. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажылық бөлімінің меңгерушісі Жанділлә Бекжігітов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Биыл үлкен қажылық маусымы 11 тамызға Құрбан айттың алғашқы күніне белгіленіп отыр. Құрбан айтқа он күн қалғанда, 4-5 тамыз кезінде 3200-ге жуық отандасымыз Сауд Арабиясына аттанады", - деді Бекжігітов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Қажылық парызын өтеуге аттанған қазақстандықтар Сауд Арабиясында 15-20 күндей болады.
"Яғни, 4-5 тамыз кезінде жаппай аттанса, 25-не дейін барлығы елге келеді деп жоспарланып отыр", - деді ол.
Оның айтуынша, қасиетті сапарға бару үшін бір адам 4 мың доллардан кем жұмсамайды.
Тағы оқыңыз: Назарбаевтың жиені қажылыққа барды
Сонымен қатар, Бекжігітов қажылыққа аттанатын азаматтар Сауд Арабиясында көп тараған менингококк инфекциясына қарсы екпе салдыруға міндетті екенін еске салды.
"Осыған орай денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, қажылыққа баратындар үшін 15 мамырдан бастап 8 қалада екпе егу жұмыстары басталады", - деді ол.
Рамазан айы қашан басталады?
Мұсылман қауым асыға күтетін Рамазан айы 6 мамыр күні басталып, 4 маусымда аяқталады. Биыл 30 күн ауыз бекітеміз.
Қасиетті Қадір түні – 31 мамырдан 1 маусымға қараған түн. Ал 5 маусымда Ораза айт мейрамы басталады. Құрбан айт 11-13 тамыз күндеріне түсіп тұр.
Биылғы пітір садақаның мөлшері – 300 теңге. Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен Ораза айт намазына дейін беруге болады.