НҰР-СҰЛТАН, 6 мамыр – Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақадан түскен ақшаға мұқтаж жандарға көмек көрсетеді. Бұл туралы ҚМДБ ресми өкілі Ағабек Қонарбайұлы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Биыл пітір-садақаның көлемі 300 теңге деп бекітілді. Оны бидай бағасының ең төменгі нарығымен есептедік. Егер қалталы азаматтар болса, құрманың, ұнның бағасымен беруге болады. Бұл ең төменгі мөлшерлеме. Жан басына шаққанда 300 теңгеден береміз", - деді ресми өкіл.
Ағабек Қонарбайұлының айтуынша, пітір садақаның есебінен көпбалалы отбасылар, тұрмысы төмен азаматтар мен жетімдерге қол ұшын созу көзделіп отыр.
"Мешіттердің жанынан арнай комиссия құрылады. Сол комиссиялардың шешімімен мұқтаж жандарға қаржылай және азық-түлік түрінде көмек көрсетіледі", - деді ол.
Сондай-ақ, ҚМДБ ресми өкілі таяуда еліміздің бас мүфтиі Серікбай қажы Ораздың мұсылман қауымға үндеу жариялағанын еске салды.
"Үндеудің негізгі мәтіні – жақсылықта жарысайық. Расында да, Рамазан – қайырымдылық пен жақсылықтың үлкен мерекесі. Әрбір жасалған жақсылық бірнеше есе сауап болып жазылады. Біздің мешіттің Ақылдастар алқалары Рамазан айының құрметіне кәсіп иелеріне өтініш жасады. Қасиетті айда арақ-шарап сатылмаса, дүкен сөрелерінен алынып тасталса, азық-түлікке 10 процент жеңілдік жасалса, қоғамдық көліктерде жеңілдік жасалса деген ұран тастадық. Расында осы ұранымыз өз нәтижесін беріп жатыр", - деді Ағабек Қонарбайұлы.
Бұған қоса, жақында арнайы қоғамдық көліктер бөлініп, Әзірет Сұлтан мешітінен кешкі тарауық намазынан кейін шыққан ата-апаларды үйіне тегін тасымалдайды.