"Құрбанның рөлін ойнайды" Нарколог жастардың неге есірткіге салынатынын айтты

Дәрігердің айтуынша, нашақорды толық емдеу 2 жылға созылады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 3 сәуір – Sputnik, Дәурен Ерболат. Наркология және психотерапия орталығының тәжірибелі наркологы Тоқтар Қойшыбеков Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында есірткіге тәуелділік неден туындайтынын, нашақорлықты қалай емдеуге болатынын әрі есірткіге тәуелді азаматтардың жасарып бара жатқанын айтты.

"Құрбанның рөлін ойнайды" Нарколог жастардың неге есірткіге салынатынын айтты

Нашақорлар жасарып барады

2018 жылғы статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанда 20 мыңнан астам нашақор бар. Тоқтар Қойшыбековтың медицина саласында еңбек еткеніне 32 жыл болыпты. Дәрігердің айтуынша, олардың саны жыл өткен сайын азайып келе жатыр.

"Бірақ есірткі мен алкогольге тәуелді адамдар жасарып барады. Олардың жасы – 18-35 аралығында. Ал бұрын алкогольге тәуелді азаматтардың жасы 40-60 аралығында болатын", - дейді Тоқтар Қойшыбеков.

Адамдар неге есірткіге салынады

Сұқбат барысында Тоқтар Қойшыбеков есірткіге тәуелділік қалай пайда болатынын айтып берді.

"Адам сау болуы үшін психологиялық, физикалық, әлеуметтік жағдайы дұрыс болуы шарт. Ал нашақорда психологиялық проблемалар болады. Яғни оның жаны жаралы. Ол есірткіні проблемасын ұмыту үшін тұтынады. Бұл денсаулықққа зиянын тигізеді", - дейді дәрігер.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда оқушыларға дәрілік есірткі сатқан дәріхана басшылары жауапқа тартылды

Сонымен қатар нарколог әрбір нашақор отбасының қайғысы екенін атап өтіп, дертті жасырудың қажеті жоқ екенін түсіндірді.

"Есірткіге тәуелділік отбасындағы келіспеушіліктен туындайды. Мысалы, үйде әкесінен барлығы қорқады. Отбасы мүшелері балаға тиісті деңгейде көңіл бөлмейді әрі оған мейіріммен қарамайды. Салдарынан балада психологиялық проблемалар туындайды. Осылайша ол есірткіні тұтынуы мүмкін. Ал үйде есірткіге тәуелді адам болса, біреулер оны жасырады. Екіншісі оны қолдап, ақша береді. Үшіншісі құрбанның рөлін ойнайды. Сондықтан отбасындағы тәрбиеге де баса мән берген жөн", - дейді ол.

"Өмірге құлшынысын ояту қиын"

Әңгіме барысында дәрігер нашақор адамдарды емдеу оңай еместігін айтып қалды.

"Есірткіге тәуелді кез келген адам өзінің ауру екенін мойындамайды. Жоққа шығарады. Ондай жастарға мотивация беру өте қиын. Оларды карьера, білім алу, спортпен шұғылдану қызықтырмайды. Олардың өмірге деген құлшынысын ояту оңай емес", - дейді нарколог.

"Құрбанның рөлін ойнайды" Нарколог жастардың неге есірткіге салынатынын айтты

Сондай-ақ Тоқтар Қойшыбековтың айтуынша, орталыққа келген есірткіге тәуелді азаматтардың 30%-і емделіп шығады.

"Орталықта арнайы бөлімдер бар. Өкінішке қарай, олар толық емделгісі келмейді. Бізге амалы жоқтығынан келеді. Біреуінің есірткіге ақшасы жетпегенде, енді бірі денсаулығы қатты нашарлай бастағанда, біреуі туыстарының айтуымен келеді. Біз алдымен науқастың ағзасын емдеп, ұйқысын қалыпқа келтіреміз. Бірінші күннен бастап, психотерапия курсынан өтеді. Алайда нашақорлықтан толық жазыла алмаған адамдар бар. Біз пациенттердің 30%-ін емдеп шығарамыз. Олар опиоидты есірткіге тәуелді болғандар", - дейді дәрігер.

Тағы оқыңыз: Құмар ойынға тәуелді болудың 9 себебі 

Нашақорлықты жеңудің жалғыз жолы

Оның айтуынша, есірткіге тәуелділіктен арылу адамның өзіне байланысты.

"Біріншіден, барлығы адамның өз қолында. Екіншіден, өзінің есірткіге тәуелді екенін мойындауы керек. Орталыққа келген соң, 1,5 айдың ішінде науқас медикаментозды ем қабылдайды. Ал толық оңалту курсы 1,5-2 жылға созылады. Мұнда адам өзінің денсаулығын бірінші орынға қойып, бұл өмірде оған ненің маңызды екенін түсінуі шарт. Ал 1-2 айда адамды есірткіге тәуелділіктен арылту өте қиын", - дейді ол.

Сұқбат барысында дәрігер елордадағы наркология және психотерапия орталығында нашарқорлықтан толық емделген азаматтар басқа пациенттерге көмек көрсетіп жатқанын қуанышпен жеткізді. Сондай-ақ Тоқтар Қойшыбеков бүгін синтетикалық есірткілердің қоғамға қауіп төндіріп отырғанын атап өтіп, қазақстандықтарға сақ болуға кеңес берді.

Тағы оқыңыз: Айсұлтан Назарбаев есірткіге тәуелді болғанын мойындады