НҰР-СҰЛТАН, 1 мамыр — Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.
Тағы оқыңыз: Назарбаев қолындағы раушан гүлдерді қыз-келіншектерге сыйлады - видео
Нұрсұлтан Назарбаев мейрамды елордада атап өтті. Ол Қазақ елі монументіне гүл қойып, халық алдында құттықтау сөз сөйледі.
"Біз – бақытты халықпыз. Бірлігімізді сақтап, тәуелсіздігімізді құрметтеуіміз керек. Даму бағдарламаларымызды жүзеге асыру еліміздің болашағын одан әрі жарқын ете түседі. Әр үйге, әр отбасына береке, бақыт, амандық және ертеңгі күнге деген сенімділік тілеймін. Мейрамдарыңызбен!"– деді Елбасы.
Мемлекет басшысы Тоқаев Алматыға жұмыс сапарымен барып, мейрамды туған қаласында атап өтуде.
"Қымбатты алматылықтар, Алматы – тарихтағы орны ерекше қала. Дәл осы жерде 1986 жылдың желтоқсан айында бұрынғы Кеңес Одағы республикаларының әрі қарай дамуына әсер еткен оқиға болды. Осы қалада тәуелсіздігіміздің декларациясы қабылданды. Көптеген қазақстандық пен бүкіл елдің тағдыры Алматымен тығыз байланысты. Көктемнің шуақты күнінде өзім туып-өсіп, білім алған, Қазақстанның тәуелсіздігі үшін қызмет ете бастаған тамаша қалада болу мен үшін үлкен құрмет әрі ғанибет", - деп Тоқаев оңтүстік астана тұрғындарын құттықтады.
Тағы оқыңыз: 1 мамыр қандай мереке: атаулы күндер, танымал есімдер, тарихи оқиғалар
Тоқаев Елбасы 29 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында айтқан сөздерді қайталап, қазақстандықтар ауызбіршілікте еңбек етіп, мықты әрі дамыған мемлекет құра алатынын атап өтті.
"Бірлік күнімен құттықтаймын. Әрқайсыңызға бақ-береке, жаңа жетістіктер тілеймін. Қаламыз көркейе берсін!", - деп сөзін аяқтады президент.