Күміскөмей әнші, Халық Қаһарманы, Тарлан сыйлығының иегері, шетелдіктердің өзі қазақтың қызғалдақ гүліне теңеген ерекше жаратылыстағы сұлу Роза Бағланова 1922 жылдың 1 қаңтарында Қызылорда облысы, Қазалы қаласында дүниеге келген. Кіші жүздің Жағалбайлы руынан.
Роза Бағланованың әкесі Тәжібай бақуатты кісі болған. Әуелі татар қызы Мәриямға үйленген. Кейін Күндей деген шешесі ер адамға ізін жалғастыратын ұрпақ керек деп, екінші рет Ақкүріш деген қазақ қызын алып береді. Екі әйелі қатар босанып, Мәриямнан Ыдырыс деген ұл, Ақкүріштен Роза дүниеге келді. Аумалы-төкпелі кезеңде Тәжібай отбасы Ташкентке қоныс аударады. Роза Бағланова тетелес бауыры Ыдырыстың әскерге кеткенін ғана біледі. Содан ол хабарсыз кеткен.
Роза Бағланова әке-шешесі жайлы: "Менің әкем екі әйел алған адам. Менің ұлты неміс тәрбиеші, күтушім болды. Аналарым мен тәрбиешім сол заманның сауатты адамдары, әрі текті әйелдер еді", - деп еске алады.
Бағланованың әжесі де, шешесі де әнші болған адамдар. Бірақ арнайы білімі жоқ. Үнемі Розаға халық әндерін жаттатып, айтқызып жүрген.
"Әнші ретінде бағымды ашқан – Өзбекстан"
Мектеп бітірген соң 1939 жылы Роза Қызылорда педагогика институтына түседі, бірақ кенеттен әкесі қайтыс болып, туыстарды жағалап, тұрмыстық жағдайға байланысты сол жылы Ташкент тоқыма институтына ауысады. Әншінің бойжеткен шағы ашаршылық пен аласапыран жылдарға дөп келеді. Ташкентте жүргенде оның ерекше дауысы бірден көзге түседі.
"Үйдің тіршілігін жасай жүріп, ән салатын әдетім бар еді. Әлі есімде, есіктің алдын сыпырып жүріп әндеткен қыздың даусын естіп, өзбек филармониясының директоры "Ән айтқан кім?" деп іздеп келді. Менің әншілік өмір жолымды, бағымды ашқан сол Кари Якупов әка еді. Содан Кари әканың көмегімен Ташкент филармониясындағы мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблінде әнші болдым. Одан соң 1941 жылы Москва консерваториясына жолдама алғанымда соғыс басталып кетті", - дейді Роза Бағланова бір сұқбатында.
Сол ансамбльмен Роза Бағланова Ұлы Отан соғысы жылдары майданды аралап, өнер көрсетіп, 1945 жылы 9 мамырда Берлиндегі жеңіс концертіне қатысады. Бірақ ол барлық концертте Өзбекстан атынан шығып жүреді. Бір күні Өзбекстандағы керемет әнші қазақ қызы туралы Жұбан Молдағалиев естиді.
Роза Бағланованың Отанына оралуына тікелей себепші болған осы кісі. Ол кезде Жұбан Молдағалиев Москвада Жоғарғы партия мектебінде оқып жүрген. Қазақ ақынының қолдауымен 1949 жылы Роза Бағланова елге оралады. Одан кейін де әкесіндей боп, қызға қамқорлық танытып отырған. Будапештте өткен ән жарысына да Розаны ілестіруге Жұбан Молдағалиев тікелей атсалысады.
"Иосиф Сталин қос бұрымыма мақтау айтты"
Роза Бағланова 1946 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық эстрада әншілерінің ІІ-конкурсының дипломанты, 1949 жылы Бухаресте өткен Жастар мен студенттердің ІІ-Бүкілдүниежүзілік фестивалінің лауреаты атанды. Осында КСРО елінің атағын асырып, "Ах, Самара-городок" әнін айтып, Роза Бағланова бас бәйгені қанжығалайды. Осы сапардан оралғанда ол өзін Сталин шақыртып жатқанын естиді. Жалпы, ол кісінің қабылдауында әнші үш рет болыпты.
"Үш ретінде де сол бір кительде, қарапайым қалыпта болды. Үйінде үш ретте де байлық, барлық көрген жоқпын. Жиһаздары да жұпынылау болатын. Ол кісі мені ресми қабылдады. Қос бұрымыма мақтау айтты. "Қыз балаға қос бұрым жарасады. Грузин қыздары да шашын қос бұрым етiп өрiп қояды, саған жарасқандай олар да сондай ажарлы көрінеді" деп қалды.
Ол да пенде, еркек, сезімі бар, әдемілікті көретін көзі, әнді еститін құлағы бар. Сталин қазақтың сән-салтанатын паш еткен үстімдегі ұлттық киімнен көз алмай қарады.
"Грузин қыздары да ұлттық киімде соншалықты әдемі көрінеді" деп қайталап айтып қалды. Мен темірдей қатал, жарты әлемді аузына қаратқан құдіретті адамның көзінен ұлтының қыздарына, халқына деген шынайы сағынышын байқадым", - деп еске алыпты Роза Бағланова өмірінің бұл ұмытылмас сәтін.
Қазақтың ұлттық киіміне тәнті болған Елизавета патшайым
Роза Бағланова шетелді көп аралаған КСРО әншісі. Мұндай мүмкіндік ол кезде көп әншінің бағына бұйыра бермейтін. Сондықтан оған қызғана қараған әріптестері көп болған. Ол АҚШ, бүкіл Еуропаны аралап, концерт берген. Мысалы, бір 1957 жылы гастрольдік сапармен Венгрия, Германия, Қытай, Польша, Чехословакия, Ауғанстан, Үндістан, Австрия, Бельгия, Бирма, Швеция, Канада сынды елдерде болған. Тіпті Елизавета патшайымның алдында ән шырқаған. Сталиннің жеке қабылдауында үш рет концерт берген. Сахнадағы сұлу қыз ерекше дауысы мен үстіндегі ұлттық киімімен елдің жүрегін баураған. Иә, ол өз таңдауымен киім тіктіртіп киген, онда да қазақтың ұлттық киімін.
"Америка сахнасында 1957 жылы ән айттым. Кеңестер елінен келген әншiлердiң құрметiне дастархан жайылды. Мен қонақасы кешіне қазақтың ұлттық киімін киіп кіріп барғанымда мені көре салып, 100 шақты музыкант "Ах, Самара-городокты" құйқылжыта тарта жөнелді. Оркестрге қосылып, әндi орысша, ағылшынша, французша орындап шықтым. Американың зиялы қауымы таң қалып, айрықша ілтипат көрсетті", - дейді Роза Бағланова.
Ал Елизавета патшайым гастрольдеп барған орыс қыздарын көзге ілмепті, бірден тікесінен Бағлановаға қарай тартыпты. Қасына келгенде: "Қазақ әйелдерінің киген киіміне қарап-ақ олардың қандай халық болғанын тануға болады. Бұл киім байлық пен талғамды аңғартады", - депті.
Роза Бағланова 1947 – 1949 жылдары Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының әншісі, 1949 – 1960 жылдары Жамбыл атындағы республикалық филармониясының солисі болды. 1960 жылдан бастап "Қазақконцерттің" әнші-солисі, жетекші сахна шебері болып қызмет етті.
Әншінің жанына жара салған жалған сөз
Расында Роза Бағланованың сұлулығына еліткен бір Хрущев емес, олардың қатарында шетелдің мемлекет басшылары, маршалдар, генералдар, хатшылар, колхоз председательдері, совхоз директорлары, шахтерлар, қарапайым азаматтар да болған.
"Әскери атақты қолбасшыларды майдан даласында көрдім. Маршалдар - Жуков, Малиновский... Бәрі де әніме, үстімдегі қазақтың қынама бел жарасымды ұлттық киіміне қызықты, "дала қызғалдағына ғашық болдық" деді әскер басшылары. Айтылды, өтті, кетті", - деп еске алады өмірінің бұл арасын әнші.
Пластикалық отаға қатысты алып-қашпа сөздер Роза Бағланованың жанын ауыртыпты. Әнші ол отаны жетіскеннен жасатпағанын бір сұқбатында былай деп айтып береді:
"1944 жылы жауынгерлерге концерт қойып жүргенде, майдан даласында бетімді снарядтың жарықшағы жанып өтіп, көзіме зақым келді. 1979 жылы екі көзім бірдей көрмей қалды. Сол жылы жоспарлы Павлодар қаласындағы концертімнен де қалмадым. Сахнаға жетектеп шыққан адамдар куә. Алдымен Жаратқанның, содан соң дәрігерлердің құдыретімен жанарымды сақтап қалдым. Көпшілікке топырақ шаша алмайсың, көзін әдемілеймін деп пластикалық ота жасатып, соқыр бола жаздапты деп жұрт гуілдеп жүр енді", - деп ренжіген Бағланова.
Көп ғашық болған қыздың үстіндегі киімдерді әнші Орталық Комитеттің тапсырмасымен арнаулы шеберлерге тіктірген. Бірақ түсін, үлгісін Роза Бағланованың өзі таңдап отырған. Одан бөлек әнші дүкеннің, сол секілді шетелдің кремін пайдаланбаған. Ол Орталық Комитеттің, біріншілердің әйелдері мен қыздары жағатын москвалық Кремль дәрігері, косметолог Ирина Шилова дайындаған арнайы кремді қолданған. Арнайы кремді тұтынатын іріктеулі бикештер ішіне Роза Бағланова да жатқызылды.
КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Халық Қаһарманы, қазақ өнерінің майталман күміскөмей әншісі Роза Тәжібайқызы Бағланова 90 жасқа қараған шағында 2011 жылы 8 ақпанда дүние салды.
Марапаттары
Роза Бағланова майдан шебінде қойған концерттерінің құрметіне "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен, үздік еңбек және шығармашылық қызметті екі Ленин, "Еңбек Қызыл Ту", "Халықтар достығы", "Құрмет белгісі" және "Отан" ордендерімен марапатталды. Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы атанды.
Әншінің ұзақ жылдық еңбегі "Тарлан" қоғамдық және "Дәнекер" Халықаралық сыйлығымен аталып өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мәдениет, білім беру және әлеуметтік бағдарламаларды қолдау қорының президенттік стипендиясын табыс еткен мәдениет қайраткерлерінің тізімінде Роза Бағланованың да есімі бар.
Одан бөлек Роза Тәжібайқызы Аягөз қаласының құрметті азаматы. Әнші туралы 1989 жылы "Первая Роза", 2006 жылы "Ах, Самара, городок" атты деректі фильмдер түсірілген.
1996 жылы "Алтын сақа" деп аталатын қайырымдылық шараларын өткізіп тұру үшін үлкен қор құрылған. Қор жетім балаларға, мүгедектерге, қайырымдылық көрсетумен айналысады. Қордың президенті келіні – Марал, заңгері – ұлы Тәжен.
Әнші Роза апамыз Қазалыда №67, қазіргі №420 мектепте оқыған, сол мектептің Роза Бағланованың есімімен аталуы қарастырылуда. Сонымен қатар Қазалыда әнші мұражайы, апамыздың аты берілген көше бар. Алматы қаласында да Роза Бағланованың атынан бір көше аталды.
Әйтеке би кентіндегі орталық көшеге және мәдениет орталығына Роза Бағланованың есімі берілді.
2015 жылы 30 мамырда Роза Бағланованың туған жері Қазалы ауданында әншінің ескерткіш-бюсті ашылды. Мүсіннің авторы – Қазақстан Республикасының халық мүсіншісі, өнер қайраткері Бақытжан Әлімбайұлы Әбішев.
Эйр-Астана әуе компаниясының атақты адамдар атына ұшақ есімін беретін дәстүрі бар. Соның ішінде Роза Бағланова да бар.
Отбасы
Роза Бағланова екі рет тұрмыста болған. Бірінші күйеуі Кеңес Одағының Батыры Садық Әбдіжаппаровпен жеті жыл отасты. Екінші жұбайы Сатыбалды Жатбаевпен он жылға жуық тұрған. Роза Бағланова 47 жасында ұлды болып, есімін Тәжен деп қояды. Келіні – Марал, немерелері – Ақерке, Тәжібай, Үрбибі.