НҰР-СҰЛТАН, 26 сәуір — Sputnik. Әлеуметтік желілерде қызын перзентханадан ерекше шығарып алған көкшетаулықтың кортежі қызу талқылануда. Ондаған ГАЗель көлігімен көшелерді аралаған бақытты әке бірінің ашуын тудырса, енді бірін таңғалдырды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан.
"Ол баланы перзентханадан шығару сәті еш нәрсеге ұқсамайтындай болғанын қалады. Өмір бойы есте қалатындай етіп жасағысы келді. Бәрі күлді, әрине. Өйткені өте қызықты болды",- дейді жүргізушінің туысы.
Бейнероликке тұрғындар бірнеше пікір жазған. Бірі медициналық мекеменің жанында ондаған көлік кортежінің жүргеніне ашуланса, енді бірі бақытты әкені қолдап жатыр.
Тұрғындардың бірі қыздың әкесі танк жүргізушісі болса, не болар еді деген таңданысын жасырмаған.
Тағы оқыңыз: Небәрі 346 грамм: дәрігерлер сәбиді қалай аман алып қалды?
"Мен осы кортеждің артынан саяжайға дейін бардым. Бәрі қайдан шықты десем, перзентханадан келе жатыр екен ғой", - деп жазады көкшетаулық.
Тұрғындардың дені сәбиді перзентханадан ерекше кортежбен шығарып алу керемет идея деп бағалаған.