НҰР-СҰЛТАН, 24 сәуір – Sputnik. Көпбалалы отбасылардың балалары кәмелет жасқа толып кетсе де, мемлекет оларды сатып алу құқынсыз жалға берілген үйден қуып шықпайды. Бұл туралы бүгін индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жалға берілетін тұрғын үй үшін көпбалалы отбасылар жеке кезекке тұрады
Вице-министр биыл 6 мың көпбалалы отбасы сатып алу құқынсыз жалға берілетін баспанамен қамтылатынын атап өтті. Әр отбасы кезекте тұрған жерінен баспана ала алады.
Өскенбаевтың айтуынша, егер балаларының бірі немесе бәрі кәмелет жасқа толып кетсе, көпбалалы отбасыдан үйді ешкім тартып алмайды.
"Ешкім оларды қуып шықпайды. Өздері басқа үйге көшкенше, мемлекеттен берілетін баспанада қалағанынша тұра береді", - деді вице-министр мәжіліс кулуарында.
Ол жалға берілетін баспанада тек көпбалалы отбасының мүшелері ғана тұруға құқылы екенін баса айтты.
"Туысқандар немесе тағы басқа біреулер тұра алмайды", - деді Өскенбаев.
Айта кетсек, бүгін мәжіліс көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасыларды жеке кезекке шығарып, мемлекеттік тұрғын үй қорынан бірінші кезекте баспана алуға мүмкіндік беретін заң жобасын мақұлдап, сенатқа жіберді.