Саясат

Тоқаев тұңғыш президент Назарбаевтың жолын неге жалғастыратынын айтып берді

Тоқаев өзіне зор сенім артып, "Nur Otan" атынан Қазақстан президенттігіне үміткер ретінде ұсынған Елбасыға алғысын айтты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 сәуір – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы президент сайлауына түсіп, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын жалғастыруға дайын екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне зор сенім артып, "Nur Otan" партиясы атынан Қазақстан президенттігіне үміткер ретінде ұсынған Елбасыға алғысын айтты.

"Мемлекетіміздің негізін қалаған ұлы тұлғаның маған артқан жауапкершілік жүгін бүкіл болмысыммен сезінемін. Сондықтан сенімге серт беріп, бар қажыр-қайратымды жұмсаймын", - дейді Тоқаев "Nur Otan" партиясының кезектен тыс съезінде.

Президент Елбасының 19 наурыз күні тарихи үндеуінде айтқан сөздері ұстанымына айналатынын атап өтті.

"Партия төрағасы, Елбасы 19 наурыз күні өзінің тарихи үндеуінде тәуелсіз Қазақстанымызды, ортақ Отанымызды, мәңгілік елімізді сақтай біліңдер деді. Әрбір қазақстандықтың жүрегінен жол тапқан бұл сөздер менің де ұстанымым болады. Қазіргі аумалы-төкпелі заманда біздің бағытымыз айқын. Елбасы аманаты бізді биік белестерге жетелейді", - дейді мемлекет басшысы.

Тағы оқыңыз: Қазақстандықтар Назарбаевқа сайлауға түсуін сұрап хат жазып жатыр

Тоқаев алдағы уақытта Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын жалғастыруға дайын екенін айтты.

"Тұңғыш президентініміздің жемісті жолын жалғастыруды мен аса мәртебелі міндет деп санаймын", - деді ол.

Айта кетсек, еліміздің астанасында өтіп жатқан "Nur Otan" партиясының кезектен тыс XIX съезінде партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев президент сайлауына Қасым-Жомарт Тоқаев түсетінін мәлімдеді. 

Президент сайлауы

Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 20 наурызда Қазақстан президенті лауазымын иеленді. Одан бір күн бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін тоқтатқан болатын.

Тағы оқыңыз: Тоқаев бір ай ішінде не тындырып үлгерді?

Қазақстан президенті Тоқаев 9 сәуірде ел халқына үндеу жасап, биыл кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялады. Мемлекет басшысы сайлауды 2019 жылдың 9 маусымына белгіледі.