НҰР-СҰЛТАН, 23 сәуір – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алдағы президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау көрсетуге шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Тағы оқыңыз: Назарбаев "Nur Otan" партиясынан сайлауға түсетін кандидаттың есімін атады
Nur Otan партиясының кезектен тыс XIX съезінде Нұрсұлтан Назарбаев партия атынан кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды.
Назарбаев Тоқаевтың дипломатиялық жетістіктерімен қатар, мемлекеттік басқару саласында тәжірибе жинағанын атап өтті.
"Ол ең күрделі кезеңде Қазақстан үкіметін басқарды. Естеріңізде болса, 1998 жылғы Азиядағы қаржы дағдарысынан кейін экономиканы қалпына келтіруге атсалысты. Тоқаевтың тікелей тапсыруымен 90-шы жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басында бірқатар маңызды реформа жүргізіліп, ел экономикасын көтеруге жол ашты.Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі, даму институттары осы кезде пайда болды. Әлеуметтік жаңғыру жолында алғашқы қадамдар жасалды. Жаңа зейнетақы жүйесі қалыптасты", - деді Назарбаев партия съезінде.
Тағы оқыңыз: Белгілі жазушы бірінші болып президенттікке кандидатурасын ұсынды
Елбасы Тоқаев осы жылдар ішінде өзіне сенімді серік болып, елді одан әрі өркендетуге қатысты ұстанымды қолдап келгенін айтты.
"Мен оған толық сенемін және оны Қазақстанды басқаруға лайықты азамат деп есептеймін. Баршаңызды партиямыздың атынан түсетін ортақ кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірауыздан қолдау көрсетуге шақырамын", - деді Елбасы.