Гүлназ Жоланова Тәуекелмен сүйісуге неліктен келісім бергенін ашып айтты

Актрисаның айтуынша, мұндай ыңғайсыз кадр бір кинода ғана кездеседі екен
Sputnik

АЛМАТЫ, 22 сәуір – Sputnik. "Қазақ аруы" байқауының жеңімпазы, актриса Гүлназ Жоланова кинода Тәуекел Мүсіліммен сүйісуге не үшін келісімін бергенін "Қарақатпен шай" бағдарламасында ашып айтты.

Тағы оқыңыз: Меруерт Түсіпбаева қызметтік махаббат туралы не ойлайтынын айтты

"Махаббатым жүрегімде" отандық сериалына түскен Гүлназ Жоланова мен Тәуекел Мүсілім ғашықтар рөлін сомдайды. Онда ғашықтардың сүйісетін жері бар. Бірнеше отандық сериалға түскен Гүлназ Жоланованың айтуынша, мұндай ыңғайсыз кадр осы кинода ғана кездеседі екен.

 "Менің де, оның да кино әлеміне алғаш аяқ басқан, аңқау, көп нәрсені білмейтін кезіміз еді. Шынын айтқанда, ол арада менде таңдау болған жоқ. Талап еткен нәрсені орындадым, бірақ одан кейінгі сериалдарда мұндай кадрға түскен емеспін", - дейді актриса.

Дегенмен Гүлназ сыртқы көздің, әсіресе, туған-туыстарының сөзінен қатты қорыққан екен. Тіпті, ұяттан өртеніп, анасына жанұшыра телефон да соғыпты. Өйткені анасының үйге қонақ шақырып, солармен бірге қызы түскен киноны тамашалайтын әдеті бар екен.

"Анама телефон соғып, үйге қонақ шақырма деп ескерттім. Ана фильмнің 4-сериясын көрмей-ақ өткізіп жіберіңіздерші деп өтіндім. Онда сүйісетін жерім барын, бұл арада менде таңдау болмағанын айтып, анамнан ренжімеуін сұрадым", - дейді ол. 

Бір қызығы, кино шыққан соң Гүлназ Жолановаға туған-туыстары ештеңе демепті. Бұған актриса қатты қуанғанын айтады.

Тағы оқыңыз: Сәкен Майғазиев Жәзираның Жанболаты екеуі кімнен таяқ жегенін айтты

"Бұл қайткенің" деп табалап, бетіме салық қылып басқан ешкім болған жоқ. Соның өзі маған кәдімгідей қолдау болды. Олар мені түсінуге тырысқан шығар, оған алғысым шексіз", - дейді ол.

Сондай-ақ Гүлназ Тәуекел Мүсілім екеуін тек шығармашылық байланыстыратынын айтады.  

"Біз жақсы доспыз, әр түрлі жобада кездесіп қалып жатамыз. Кино жолына екеуміз бір уақытта аяқ бастық. Оның да алғашқы жобасы, менің де алғашқы жобам болды. Сол кинодан көрген ел бізді сыртымыздан қосып жатады. Бірақ шындығында олай емес", - дейді актриса.