НҰР-СҰЛТАН, 18 сәуір — Sputnik. "Е-халық" ақпараттық жүйесі басқа мемлекеттік мекемелердің мәліметтер базасымен біріктірілмені туралы мәлімет шындыққа жанаспайды, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Мәжіліс депутаты Бейбіт Мамраев "Е-халық" жүйесінің жұмысында ақаулар бар екенін, әрі оның тұрғындарға сапасыз қызмет көрсетіп жатқанын хабарлаған.
Оның айтуынша, атаулы әлеуметтік көмекті алатын азамат тек жеке куәлігін көрсетсе болғаны. Бірақ іс жүзінде олай емес екен. Тұрғын тиісті құжатты көрсеткенімен, жүйе оның мәліметтерін базадан таба алмайды.
Көпбалалы отбасыларға баспана қашан беріледі?
"Мекен-жай, үй мен пәтердің нөмірі сияқты мәліметтердің болмауы жүйенің өзге мемлекеттік органдармен интеграциясына байланысты емес. Оған мекен-жай регистрінде тиісті ақпараттың болмауы себеп. Оны жергілікті атқарушы органдар жасап, ақпаратты жаңартып отырады (сәулет және қала құрылысы басқармасы)", - деп жауап берді ведомство өкілдері.
Олардың айтуынша, отбасының құрамы туралы мәліметті автоматты түрде "азаматтық хал актілерін тіркеу" ақпараттық жүйесінен алуға болады. Оны да жергілікті атқарушы органдар (азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі) толтырады. Бұл жүйеде 2007 жылдың 13 тамызына дейін туған балалар туралы мәлімет көрсетілмеген екен.
Мемлекеттік органдардың ақпарат жүйесінде толық мәлімет болмайтынын ескере отыра, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің ережесін жасаған. Оған сәйкес, жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері тиісті мемлекеттік органға жазбаша түрде сауал жолдайды. Өтініш беруші құжаттарын өзі де ұсына алады.
Министрлік "Е-халық" жүйесі атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға мүмкіндік беретін мемлекеттік органдардың ақпарат жүйесімен біріктірілгенін атап өтті:
- "Мекен-жай регистрі";
- "Азаматтың хал актілерін тіркеу";
- "Жеке тұлғалардың" мемлекеттік дерекқоры;
- Атқарушы өндіріс органдарының автоматтандырылған ақпарат жүйесі (алимент бойынша);
- "Бірыңғай деректерді сақтау" жүйесі (кәсіпкерлік қызмет туралы мәліметтер);
- "Жылжымайтын мүлік" регистрі;
- Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесі (әлеуметтік төлемдер, еңбекақы түріндегі кірістер);
- "Е-халық" жүйесі оффлайн түрінде басқа да ақпарат ресурстармен біріктірілген:
- Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпарат жүйесі (мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы техникасы, жер телімдері);
- Білім және ғылыми министрлігінің ақпарат жүйесі (білім алушылар бойынша);
- Денсаулық сақтау министрлігінің ақпарат жүйесі (әлеуметтік аурулар, жүктілік, емханаға тіркеу бойынша)
"Сондықтан депутаттық сауалдағы "Е-халық" ақпараттық жүйесіндегі ақаулар бойынша келтірілген мысалдар мен дәлелдер орынсыз", - деді министрлік өз жауабында.
Ведомство өкілдері бұл жүйе сәтті жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Ол бойынша халықтан өтініштер түсіп жатыр.
Сондай-ақ министрлік мемлекеттік органдардағы дерекқорда тиісті мәлімет болса, атаулы көмекті жеке басты куәландыратын тек бір құжатпен алуға болатынын айтты.