Қоғам

Шыңғыс Айтматов Назарбаевтың саясаты туралы не деп еді

Жазушы Назарбаевтың Орталық-Азия экономикалық ықпалдастығы туралы бастамасын өңірді біріктіретін суперидея деп атады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 сәуір – Sputnik. 2008 жылдың наурызында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қырғыздың халық жазушысы Шыңғыс Айтматовты қабылдап, алдағы 80 жылдық мерейтойымен құттықтаған еді.

Назарбаев Айтматов шығармаларын бірнеше қазақстандық буын оқып өскенін, жаңа тарихи жағдайларда тәрбиеленген қазіргі өскелең ұрпақтың Айтматов туындыларын оқитындығы аса маңызды екенін атап өтті.

Атақты жазушы Назарбаевқа қатысты сәуегейлік танытқанын айтты
Жазушының шығармашылығы Қазақстанмен тығыз байланысты, оның көптеген туындысына Қазақстан жерінде өткен оқиғалар арқау болған.

"Мен үшін Қазақстан да өз Отаным. Жер бетінде мен үшін үш қымбат мекен бар, олар – Бішкек, Алматы және Мәскеу. Мен қазақтың шығармашыл зиялы қауымымен өзара тығыз қарым-қатынастамын. Қазақстанда менің "Кассандра таңбасы" романым бойынша қазақ тілінде фильм түсіру жоспарланып отыр", - деді Ш.Айтматов кездесуден кейін.

Ол сондай-ақ президентпен өткен әңгіме барысында қазіргі заманғы әдебиет пен мәдениет мәселелері, сондай-ақ жазушының шығармашылық идеялары талқыланғанын жеткізді.

"Алайда, әңгіме өзегіне айналған ең басты тақырып ол – Қазақстан президентінің Орталық-Азия экономикалық ықпалдастығы туралы бастамасы. Біздің өңір үшін – бұл стратегиялық жол. Бұл бізді біріктіретін суперидея. Біздің әрқайсымыз осы идеяны қолдауға тиіспіз – бұл біздің болашағымыз", - деді Ш.Айтматов.

Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, сол жолғы кездесуде Назарбаев заманымыздың заңғар жазушысының 80 жылдық мерейтойына арналған шаралар қазақ жерінде де өткізілетінін мәлімдеген. Алайда Айтматовқа бұл күнді көру бұйырмапты, ол сол жылы 10 маусымда 79 жасында дүниеден озды.