Мәдениет

"Қыздығын сатып..." Ғалым өзгенің тағдырын шоуға айналдырғандарды қатаң айыптады

Кинотанушының пікірінше, қоғамдағы азғындықты тұзақтаудың жалғыз жолы – мықты идеология
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 сәуір – Sputnik. Белгілі кинотанушы, өнертану PhD докторы, "Тұран" университетінің профессоры Гүлзат Көбек бүгінгі қазақ киносы мен телебағдармалардың сапасына қатысты пікір білдіре келе, неліктен үнді фильмдерінен үлгі алу қажеттігін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Шәкіртіңнің аманатын өз мойныңа аласың

Гүлзат Көбек – Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында "Кинотану" мамандығы бойынша білім алған. Ұстаздық жолда жүргеніне 15 жыл болыпты. Оның пікірінше, ұстаз болу – үлкен жауапкершілік.

Бекболат Тілеухан қазақ көрермендерінің неге "аш" екенін түсіндірді
"Ата-ананың алдында баласының аманатын мойныңа аласың. Қоғамның бір мүшесінің келешегіне кепілдік бересің. Оның ойлау жүйесі, арының тазалығы, қауіпсіздігі, тәрбиесі, білімі үшін жауапкершілікпен қоса тәуекелге барасың. Қоғамда азғындық көп болса, демек, бұл – көптеген ұстаздың рухани тоқыруының ғана емес, өз миссиясын толық орындай алмай жүргенінің көрсеткіші", - дейді ол.

Гүлзат Көбек кинотанушы маман ретінде мойындалмаған ұстазға шәкірттері әрқашан сын көзбен қарайды деген пікірде.

"Қазіргі жастар алғыр, байқампаз. Ойларын еркін айтады. Олар ұстаздың маман ретінде өз саласында жеткен жетістігін, адам ретіндегі қасиеттерін бақылайды. Өзара баға береді. Шәкірттермен сырлассаңыз, олар не қалайтынын өздері-ақ айтады. Олар адамгершілік қарым-қатынасты жоғары бағалайды. Білімді ұстазды мойындайды. Сондықтан студенттердің тілін таба білу керек. Шынайы сұқбат. Бетпердесіз. Бүгінгі жастарға осы тәсіл ұнайды. Зорлықпен емес, ақылдың күшімен бағындыру. Бұл қашан да өзектілігін жоймаған әдіс", - дейді Гүлзат Көбек.

Кинотанушы қандай мамандық?

Профессордың айтуынша, өмір – түсінген адамға ең ұлы мектеп, ал сынақтар – ең шебер ұстаз. Ал кинотану мамандығының негізгі мақсаты – кино үдерісін, фильмді кәсіби түрде талдау, баға беру, бағытын айқындау.

"Біз экранға шыққан дайын фильмге ғана баға береміз. Ішкі түсіру процесіне араласпаймыз. Фильм тұнып тұрған – өмір философиясы. Кейіпкердің ішкі дүниесін түсіну үшін мықты психолог болуың керек. Көркем туындының табиғатын тану үшін – білімің, тәжірибең, дүниетанымыңның аясы кең болса игі. Идеясын талдау үшін кемеңгерлік, автордың астарлы мүддесін түсіну үшін саяси сауатың болуы да маңызды", - дейді ғалым.

"Ащы шындық" Қазақ жігіттерін кінәлаған белгілі әншінің басы дауға қалды
Гүлзат Көбек үнемі ізденісте жүретінін, қоғамда болып жатқан жағдайларға бей-жай қарай алмайтынын жеткізді.

"Әлеуметтің көңіл-күйін ішінен бақылау маңызды. Сыншы ретінде мағынасы терең туындыны талдап, баға беру үшін де оның өмірлік негізін жақсы білуің керек. Сонда қойылған диагноз нақты болады. Зерттеймін. Ізденемін. Жүремін. Көремін. Ақиқатына көз жеткіземін. Анализ жасаймын. Қоғамда болып жатқан жағдайларға бей-жай қарамаймын. Мен де осы елдің азаматы ретінде ішкі мәселелерді ойлаймын. Кешке дейін кино қарап, экрандағы иллюзияға алданып отырмаймын", - дейді ол.

Қазақ киносының деңгейі қандай?

Сұқбат барысында Гүлзат Көбекпен Нұртас Адамбаевтың "Келинка Сабина", Асқар Ұзабаевтың "Осторожно, корова", Нұрлан Қоянбаевтың "Бизнес по казахски" атты комедия жанрында түсірілген фильмдері туралы да сөйлестік. Бұл кинотуындыларды көрермендер жылы қабылдаған. Бірақ аталған фильмдер арзан күлкіге құрылған. Киносыншы бұл мәселеге қатысты өз пікірін білдірді.

"Көрерменнің талғамы әртүрлі. Егер мағынасы жеңіл фильмдерге деген қажеттілік басымырақ болса, демек, бұл біздің қоғамның ішкі рухани сұранысы мен мәдениетінің көрінісі. Бар болғаны сол ғана. Коммерциялық кино бағытында түсіріліп жатқан осындай жеңіл фильмдерге деген наразылық болғанымен, олардың көрермендері көп. Кинозалдар толады. Қаржысын ақтайды. Сұраныс бар. Демек, бизнес жүріп тұр. Бірақ, кино авторлары идеяларын салмақтаса, рухани жауапкершілігін көтерсе, бәрі жақсы болады", - дейді Гүлзат Көбек.

Сын орынды айтылуы керек

Кинотанушы сын көшті жылжытуға оң ықпал ететін өткір қару деген пікірде. Сондықтан "жеңіл фильм түсірдің" деп режиссерлерге сын айту орынсыз.

"Киносыншылар тек пікірін білдіреді. Ал кино авторлары шығармашылық өресін көрсетеді. Әдеп, ішкі мәдениет деген болады. Әр автор өз фильмінде ішкі дүниесіне тән болмысын көрсетеді. Бірақ, бұл қарсылықтарды шиеленістіріп шеше алмаймыз. Біріншіден, олардың басым бөлігі кәсіби режиссерлер емес. Олар бар болғаны кино нарығындағы коммерциялық бағытта өз қаржыларына фильм түсіріп, өнімдерін прокатқа ұсынып жатқан бәсекелестер. Демек, оларды сапалы кино түсірмедің деп сөгіп, құқына қол сұғып, айыптай алмаймыз. Өздері санаулы ғана. Олардың көзін жойсақ, коммерциялық кино бағыты дамымайды", - дейді Гүлзат Көбек.

Кинотанушының пікірінше, бұл мәселені сауатты шешудің бір-ақ жолы бар. Ол – кәсіби режиссерлердің прокатқа сапалы өнімдерін белсенді ұсынуы.

Үнді фильмдерінен үйренеріміз көп

Гүлзат Көбек жұрттың күлкісін келтіретін Болливуд фильмдерінен үйренеріміз көп дейді. Ол үнді сериалдарын емес, Болливудте түсірілген көркем фильмдерде айрықша атап өтетін дүниелер бар екенін айтты.

Алматыда түсірілген үнді фильмі прокатқа шығады
"Мұнда жаратушыға деген наным-сенім ашық насихатталады. Бұл көп адамға үміт сыйлайды. Барлығымыз да шарасыз сәттерде ғайыптан көмек күтеміз. Бәрі өзгереді деп сенеміз. Үміт етеміз. Бұл маңызды. Екіншіден, фильмдерден үнді салт-дәстүрінің барлық ерекшелігін көреміз. Бояуы қанық. Біз олардың қыз ұзату, келін түсіру, сәлем салу, тіпті, жерлеу рәсімдеріне дейін экран өнері арқылы жатқа білеміз. Ұлттық киімдері мен әшекейлеріне деген насихат басым. Билерін ұмыту мүмкін емес. Бұл – өз болмысынан ажырамаған ұлттың үлгісі. Үшіншіден, махаббат, сүйіспеншілік, адами-қарым-қатынас, жамандықты жақсылықтың жеңіп, әділдіктің үстемдік етуіне ерекше мән береді. Жеңімпаз кейіпкерлер көп. Жүректі ауырта біледі. Сезімді эмоциялық иірімдер арқылы шебер көрсетеді", - дейді кинотанушы.

Сонымен қатар ғалым кеңес дәуірінде үнді фильмдері кеңінен насихатталғанын, мұның да идеологиялық ықпалы болғанын атап өтті.

Анайы түрде көрсете бастадық

Ғалым "ұятын жоғалтқан ұлт – бақытсыз" болатынын ескертті. Ол бұрын айтылмайтын төсек қатынасы, зорлау, қыздың пәктігін сату сияқты тақырыптар бүгінде қазақ телевизиясында ашық айтыла бастағанына қынжылыс білдірді.

"Экран – қоғамның айнасы десек, олар бар болғаны өмірдегі жағдайды анайы түрде ашып беруде. Қоғамдағы ашықтыққа қарсы емеспін, бірақ, өмірлік негізі бар екен деп барымызды аша берсек, қандай қадіріміз қалады?! Ар саудасы қазір нарықта ашық жолға қойылған. Бірақ осы тақырыптарды ашық талқылаудан еш нәрсе түзеліп кетпейді. Керісінше, бұл – ашық насихат. Бұл біздің қоғамдағы ұлттық идеологияның қауқарсыздығының, ішкі мәдениеттің, телеарнадағы кәсіби мамандардың өресінің көрсеткіші. Қызы қыздығын сатып, мүсәпір күйге түскен ұлттың экрандағы шынайы бейнесі. Басқа диагнозы жоқ", - дейді Гүлзат Көбек.

Адамның тағдырын шоуға айналдыруға болмайды

Сонымен қатар кинотанушы аталған әлеуметтік мәселелерге қатысты пікірін білдіріп, халықтың телебағдарламаларға амалсыздан келетінін ашық айтты.

"Бұл әлеуметтік мәселелер экран арқылы емес, керісінше, халықтың әлеуметтік жағдайына тікелей жауап беретін ресми, заңды, мемлекеттік-әкімшілік мекемелер арқылы шешілгенін дұрыс деп есептеймін. Бәлкім, осындай кейіпкерлер осы мекемелердің әрекетсіздігінен, нәтиже болмаған соң амалсыздан эфирге келетін шығар?! Бірақ қандай жағдайда да өзгенің тағдырын шоуға айналдыруға болмайды. Кез келген адамның артында – отбасының, балаларының, ағайынның, әулеттің, ұлттың абыройы бар. Бұл – олардың құқын бұзу", - дейді ғалым.

Сонымен қатар профессор қазіргі қоғамға идеология қажет екенін, оның негізінде ойдың қауқары жатқанын мәлім етті.

"Кімді кінәлайтыныңды да білмейсің" Голливудта танылған қазақ жігітінің ашық әңгімесі
"Жақсылық ойласаң жақсылықты, жамандық ойласаң жамандықты табасың. Бұл – жұмыс істейтін қарапайым заңдылық. Әлеуметтің ойлау деңгейі әртүрлі. Сананы басқарудың барлық тетігі осы идеологияға тиесілі. Бұл – мақсатты түрде мүддені біріктіру. Экран өнері бұл тәсілді қолданбаса, ұлт ретінде жер шарында сақталып қалудың мүмкіндігі азаяды. Бұл – белгілі бір адамдардың қолымен жасалып жатқан рухани қауіп", - дейді ол.

Гүлзат Көбектің пікірінше, азғындықты тұзақтаудың жалғыз жолы – мықты идеология.

"Еркіндікті бәріміз де жақсы көреміз. Бірақ, шамадан тыс еркінсуді кейбіреулер теріс мақсатқа қолданады. Азғыру, зиянды идеяларды ашық және анайы түрде насихаттау ешқашан да жақсылық әкелген емес. Бұл керісінше, рухтың нәзік тетіктері арқылы, сыртқы күштердің ықпалынсыз-ақ, өз қолыңмен өз ұлтыңды жерлеу саясаты. Телеарнадағы мамандар саясатты да сауатты түсінуі керек қой. Ұлттық мүддемізді. Абыройымызды ашық түрде төге беру кімге керек?!", - деп түйіндеді сөзін ғалым.