НҰР-СҰЛТАН, 12 сәуір – Sputnik. Орталық сайлау комиссиясы елімізде тіркелген жеті саяси партияның біреуін таппай отыр. Бұл туралы бүгін ОСК мүшесі Зәуреш Баймолдина мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Осында 1,5 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмын, бірақ жетінші партия белгісіз болып отыр. Оларға хат жібереміз, бірақ ешқандай жауап жоқ. Қандай шарамызға шақырсақ та, сол саяси партияның өкілдері қатысқан емес", - деді ол ОСК отырысынан кейін.
Баймолдина Орталық сайлау комиссиясының іс-шараларына белсенді қатысып жүрген 6 партияны атады. Олар: "Nur Otan", "Ақ жол", "Қазақстан коммунистік халық партиясы", "Ауыл", "Бірлік", "Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы".
Тағы оқыңыз: "Құжаттарын қараймыз" ОСК Тасмағамбетовтің сайлауға түсуіне қатысты жауап берді
Әділет министрлігінің мәліметінше, ел аумағында тіркелген жетінші саяси партия –Қазақстанның демократиялық партиясы – "Азат".
Ал елімізде қанша республикалық қоғамдық бірлестік бар екенін Орталық сайлау комиссиясы білмейді екен.
"Біз ешқашан да ондай ақпаратты сұратқан емеспіз. Бұл әділет органдарының құзыретіне жататын мәселе", - деді ол.
Тағы оқыңыз: Президент сайлауына кім түсе алмайды – ОСК жауабы
Айта кетсек, биыл 9 маусымда елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Президенттікке кандидаттарды ұсыну құқығына Қазақстанда ресми тіркелген саяси партиялар мен республикалық қоғамдық бірлестіктер ие.
Кандидаттарды ұсыну 10 сәуір күні басталды. Енді ол 28 сәуір сағат 18:00-ге дейін жалғасады.