НҰР-СҰЛТАН, 11 сәуір – Sputnik. Филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы терминдерді қазақ тіліне жиі аудара бермеу қажеттігін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ғалым орыс тілінен енген терминдер қазақ тіліне 1990 жылдан бері аударыла бастағанын атап өтті. Оның пікірінше, осы кезден бастап, қазақтың терминологиялық қоры ұлттық сипатқа ие бола бастапты. Алайда түйткілді мәселелер жоқ емес.
"Аукцион" терминін кеңес заманынан "аукцион" деп келдік. 1990 жылдары оның орнына "бәссауда" деген термин қолданысқа енді. 2009 жылдары бұл терминді мемлекеттік терминологиялық комиссия бекітті. 2014 жылы оны "аукцион" деп қайта ауыстырдық. "Гимн" сөзінде де осындай жағдай . 1992 жылы ресми түрде "әнұран" деп бекітілді. "Музей" термині 1998 жылы "мұражай" болды. 2014 жылы бұл терминді қайтадан "музей "деп қолдана бастадық. 2000 жылдары "принцип" термині "қағидат" болатын. "Процент" термині туралы да осыны айтуға болады", - деді ол мәжілісте өткен ғылыми-практикалық конференцияда.
Шерубай Құрманбайұлы аталған мәселені дұрыс немесе бұрыс деп дауласқысы келмейтінін, бірақ терминдерді өзгерте беру халықты шатастыратынын айтты.
"Мен үш рет қана бекітілген терминдерді айттым. Бес рет бекітілген терминдер де бар. Егер терминдерді әр 5-10 жыл сайын өзгертіп отырсақ, мамандардың, аудармашылардың, қазақтардың, тұтынушылардың басын қатырып, бір терминнің орнығуына мүмкіндік бермейміз. Олар күнде-күнде өзгеріп отырған терминнің қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін білмей, шатаса бастайды", - деді ол.
Сондықтан ғалым бір терминді бекітер кезде сарапшылар жақсылап ойланып, ақылдасуы қажет екенін атап кетті.
"Пікірімізді, қайшылықтарымызды сол жерде еңсеріп бекітуіміз қажет. Кейін сол терминнің қолданысын қамтамасыз етуді қолға алған жөн. Сонда ғана термин орнығады. Ал біз әр 5-10 жыл сайын терминдерді өзгертіп отырсақ, ұятқа қаламыз. Мұны қатаң ескеруіміз қажет. Осы мәселе жұмысымызда жүйесіздік туғызып отыр", - деп түйіндеді сөзін Шерубай Құрманбай.