НҰР-СҰЛТАН, 11 сәуір — Sputnik. Қазақстан мен Ресей басшылары білім саласын жоспарлы түрде дамытуға уағдаласты. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничиймен кездесуінде айтты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Кездесу барысында мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей қарым-қатынастары тату көршілік және одақтастық негізде жемісті дамып келе жатқанын атап өтті.
Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры кездесуге мүмкіндік туғызғаны үшін Қазақстан президентіне алғыс білдірді. В.Садовничий екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы көп жылдық байланыстардың жемісті болғанын атап өтті.
"Менің Қазақстанға деген ықыласым ерекше. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы Қазақстанды жаңғыртудың жаңа кезеңінде сұранысқа ие, білікті кадрларды даярлауға зор үлес қосқанын мақтан етемін", – деді Виктор Садовничий.
Сонымен қатар, тараптар екі мемлекет арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.
"Президент Тоқаев өте жылы қабылдады, біз өткен кездесулерден таныспыз. Мен ресейлік және қазақстандық жоғары оқу орындарының қарым-қатынасы тарихын еске алып, Еуразия университетінің құрылу тарихы туралы айтып бердім", - деп хабарлады Садовничий Sputnik Қазақстанға.
Виктор Садовничий Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Мәскеуде студенттерге дәріс оқуға шақырды.