Саясат

Назарбаев кезектен тыс президент сайлауының не үшін қажет екенін айтты

Нұрсұлтан Назарбаев "Nur Otan" партиясының съезін дереу өткізіп, кандидат ұсынуды тапсырды
Sputnik

АЛМАТЫ, 10 сәуір - Sputnik. Кезектен тыс президент сайлауы биліктің заңдылығын нығайтып, еліміздегі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажет, деп мәлім етті "Nur Otan" партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенттігіне кандидаттарды ұсыну қашан басталатыны белгілі болды
Назарбаев партия алдағы сайлауалды науқанға белсенді түрде қатысуы тиіс деді. 

"Кеше (9 сәуірде) Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің заңды құқығын пайдалана отырып, Қазақстан президенті сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Ол биліктің заңдылығын нығайту, еліміздегі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажет. Енді алдағы сайлауға өз үміткерімізді ұсыну үшін партия съезін өткізу керек. Партия аппараты съезд дайындығына қажетті барлық жұмысты тез арада қолға алуы тиіс", - деді Назарбаев.

Кандидатты ұсынған соң "Nur Otan" партиясы кандидатының қоғамдық сайлау штабының жұмысы ұйымдастырылатын болады.

"Бұл іспен менің бірінші орынбасарым Мәулен Әшімбаев айналысады", - деді Елбасы.

Оған қоса Нұрсұлтан Назарбаев сайлауды еліміздің заңнамасы және барлық демократиялық норма мен қағидаттарға сай өткізу қажеттігіне ерекше назар аударды.