Спорт

Головкин жеңілмеген боксшы мен бұрынғы әлем чемпионын жекпе-жекке шақырды

GGG ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы кездесуінде кіммен жұдырықтасатыны әлі анықталған жоқ
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 сәуір – Sputnik. Орташа салмақ дәрежесінде бұрынғы әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Геннадий Головкин маусым айында өтетін кездесуге қарсылас іздеп жатыр, деп хабарлайды ESPN.

"Артаевқа жол берген..." Геннадий Головкин туралы қызықты деректер

Спорт шолушысы Дэн Рафаэльдің мәліметі бойынша, Головкин екі боксшыны жекпе-жекке шақырған – жеңілмеген канадалық Стив Роллс (19-0, 10 КО) пен Франция азаматтығын алған камерундық, қазір WBS Silver титулының иегері, бұрын WBO чемпионы және WBA уақытша чемпионы болған Хассан Н'Дам Н'Жикам (37-3, 21 КО).

35 жастағы Н'Жикам баяғыдан көпшілікке танымал болса, 34 жастағы Роллс 2018 жылдың желтоқсан айында алғаш рет 10 раунд ережесімен рингке шықты – канадалық АҚШ-тың USBA бойынша өңірлік чемпиондық белбеуін иеленген.

Головкиннің кәсіби рингке оралуы маусым айына жоспарланып отыр. Қазақстандық боксшы Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында кездесу өткізгісі келеді, бұл - DAZN-мен жасалған үш жылдық шарт бойынша өтетін алғашқы жекпе-жек.

Головкин Назарбаевтың президенттіктен кетуіне қатысты пікір білдірді

Бұған дейін Головкинмен маусымда британдық Джон Райдер (27-4, 15 КО), америкалық Брэндон Адамс (21-2, 13 КО) және EBU бойынша Еуропа чемпионы, поляк Камил Шеремета (19-0, 4 КО) жұдырықтасады деген болжамдар айтылды.