Саясат

Тоқаев: Жоғары билік заңды және бейбіт жолмен ауысты

Тоқаев Қазақстанда 2019 жылдың 9 маусымында кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 сәуір – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары биліктің заңды және бейбіт жолмен ауысқанын мәлімдеді. 

"Кезектен тыс сайлау туралы шешім қабылдау өте маңызды әрі қажетті қадам. Біз Елбасымыздың арқасында тәуелсіз қуатты мемлекет құрдық. Қазақстан халықаралық аренада өзіне лайықты орнын алды. Бізді ықпалды және белді мемлекет ретінде бүкіл әлем мойындады. Қазіргі таңда тарихи кезеңді бастан өткеріп отырмыз", - деді Тоқаев халыққа жасаған үндеуінде. 

Айтуынша, жоғары билік заңды және бейбіт жолмен ауысты.

Дариға Назарбаева президент сайлауына қатыса ма – саясаттанушы пікірі
"Бүкіл әлем қоғамдастығы осы оқиғаны түсіністікпен және құрметпен қабылдады. Мемлекет басшысы ретінде мен өзімнің міндетімді және жауапкершілігімді терең сезінемін. Президент лауазамына кіріскен күннен басатап, өңірлерді аралап жүрмін. Халықтың көңіл-күйін жақсы білемін. Зиялы қауыммен, еңбек ұжымдарымен, бизнес өкілдерімен, инвесторлармен, халықаралық тұлғалармен кездестім", - деді ол. 

"Біз Елбасының сара жолымен жүреміз. Халқымыз біртұтас, тәуелсіздігіміздің ең жоғары құндылығы ретінде мемлекетіміздің іргесі мығым. Алдағы президент сайлауы осыған дәлел болуы керек", - деді президент. 

Сондықтан елдегі қоғамдық саяси келісімді қамтамасыз етіп, алға басу үшін, әлеуметтік-экономикалық мақсат міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін бізге айқындық қажет екенін атап өтті. 

"Оның үстіне әлемдегі ахуал бұлыңғыр. Бұл отанымыздың қауіпсіздігіне сын-қатер әкелуі мүмкін. Ішкі және сыртқы саясаттағы сабақтастық пен тұрақтылықты сақтап, Елбасы ұсынған әлеуметтік бағдарламаларды ойдағыдай сәтті, әрі тиімді іске асыруымыз керек",- деді мемлекет басшысы.