Әлем

Теміржолшы аяқ астынан байып кетті: 14 жылда оның өмірі қалай өзгерді

37 жастағы теміржол маманы джекпот ұтқаннан кейін жұмыстан шығып, ақшаны бизнеске салған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 сәуір - Sputnik. 2005 жылы ұлыбританиялық теміржолшы лотереядан 2,5 миллион фунт (шамамен 1 миллиард 245 миллион теңге) ұтып алды, бұл оның тағдырын түбегейлі өзгертті, деп жазды Liverpool Echo.

Бағын сынағысы келген жігіт оңбай қателессе де, 340 есе байып кетті
Бенге билетті анасы сатып алыпты. 37 жастағы теміржол маманы джекпот ұтқаннан кейін жұмыстан шығып, ақшаны бизнеске салған.

"Қомақты ұтыс жеке тұлғамды өзгерткен жоқ. Ол мен өмір сүретін жағдайды өзгертті ", – дейді Бен Вудз.

Үш жылдан кейін Бен өзінің болашақ жарын кездестіреді. Қазір ерлі-зайыпты үш қыз тәрбиелеп отыр.

"Бала күнімде әкем маған көп уақыт бөле алмады. Ол отбасын асырау үшін күндіз-түні жұмыста жүретін. Ал менде балаларымның қалай өсіп келе жатқанын күн сайын бақылайтын мүмкіндік пайда болды, оларды мектепке шығарып салып, үйге алып келемін", – дейді ол.

Алайда Беннің әйелі жұмыстан шықпауды жөн көріпті. Өзі де өмірінің соңына дейін жұмыссыз жүрмейтінін айтады.

"Балалар бір үзім нанды диванда отырып табуға болмайтынын түсінуі тиіс. Бұл өте маңызды нәрсе", - деп түйіндеді үш қыздың әкесі.