НҰР-СҰЛТАН, 5 сәуір — Sputnik. "Қазгидромет" мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Марат Қынатов Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккердің сынына жауап берді.
Сынға жауап берген Марат Қынатов соңғы 40 жылда 2-3 айға бірыңғай маусымдық гидрологиялық болжам жасалғанын атап өтті. Оның айтуынша, өзендердегі су тасқыны басталмас бұрын жасалатын мұндай болжам кейде, тіпті, 200-300%-ке дейін қате болатын.
"2018 жылы "Қазгидромет" гидрологиялық жоспарлаудың жаңа жүйесіне көшті. Еуропа елдері мен Солтүстік Америка тәжірибесіне сүйене отырып, апта сайын гидрологиялық болжам әзірлейміз. Өзен бассейні бедерінің цифрлық моделі қолданылады. Осының арқасында миллиондаған текше метр (миллион м3) ылғал қоры көлемінің өзгеру қарқыны есептеледі. Бұған дейін бұл ақпарат миллиметрмен берілетін" ,- деді "Қазгидромет" басшысы.
Тағы оқыңыз: Қарағанды облысындағы ауылды су басып жатыр
"Қазгидромет" басшысының айтуынша, гидрологиялық болжам апта сайынғы болжам нәтижесінде жасалады. Ал өзен суының ағысын есептеу кезінде сандық математикалық модель қолданылады.
"Жаңа жүйе енгізілгеннен бері гидрологиялық болжам қателігі барынша азайып, бар болғаны 9-10%-ке жетіп отыр", - деді Қынатов.
Оның айтуынша, өткен жылдан бері "Қазгидромет" пен Төтенше жағдайлар комитетінің өкілдері аңғар, жыралар мен ойпаттардағы жағдайды бірге тексереді.
"Бұл бастаманы Қазгидромет көтерді. Төтенше жағдайлар комитеті бірлескен бұйрыққа тек төрт айдан соң ғана қол қойды", - деді Қынатов.
Мемлекеттік метеорологиялық орталық басшысы ауа райын болжауға арналған техниканың ескіргенін атап өтті. Құрал-жабдықтың басым бөлігі өткен ғасырдың 50-ші жылдарынан бері қолданылады екен.
"Қаржы министрлігі 2018-2022 жылдарға арналған жаңғырту бағдарламасына ақша бөлді. Оның нәтижесі бағдарлама аяқталған соң көрінетін болады" , - деді ол.
Қынатов аймақтардың су тасқынына дайындығы "Қазгидрометтің" жауапкершілігі емес екенін атап өтті. Ол синоптикалық болжамға қатысты сын негізсіз деп отыр.
Тағы оқыңыз: Нұр-Сұлтанды су басуы мүмкін
"Өкінішке қарай, атмосфералық процестерді түсінбегендіктен, Владимир Беккер "Қазгидромет" болжамына қатысты қате пікір білдіріп отыр", - деді Қынатов.
Еске сала кетсек, өткен жылдары да Төтенше жағдайлар комитеті "Қазгидромет" нақты болжам жасай алмайды деп сынаған болатын. Орталық өкілдеріне ақталуға тура келді.