Саясат

"Алдымызда ауқымды жұмыс тұр" Назарбаев алғашқы жиынын өткізді

Назарбаев Тұңғыш президент кеңсесінің алдына қойылған міндеттерді дер кезінде және тиімді орындауды тапсырды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 3 сәуір – Sputnik. Елордадағы Назарбаев орталығында Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен кеңес өтті, деп хабарлайды Тұңғыш президенті – Елбасының баспасөз қызметі.

Назарбаев: Тоқаев менің артқан үмітімді ақтайды деп сенемін
Жиын барысында Назарбаевқа Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы кеңсесінің қызметіне байланысты ұйымдастырушылық-құқықтық мәселелердің аяқталғаны жөнінде баяндалды, сондай-ақ, Елбасы кеңсесіне кадрларды іріктеу жұмыстарының нәтижелері туралы ақпарат ұсынылды.

Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш президент кеңсесінің алдына қойылған міндеттердің уақтылы және тиімді орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

"Мен Тұңғыш президент – Елбасының тиісті конституциялық заңмен реттелетін міндеттерін атқаруға кірістім. Сонымен қатар, мен Қауіпсіздік кеңесінің, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасымын, "Nur Otan" партиясына басшылық етуді жалғастыра беремін. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Осы қызметті қамтамасыз ету үшін Тұңғыш президенттің кеңсесі құрылды. Ұйымдастыру мәселелерінің барлығы шешілді. Енді бәріміз жүктелген міндеттерді орындауға кірісуіміз керек", – деді Елбасы.

Назарбаев мемлекетті одан әрі дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттерді сапалы шешу мақсатымен ведомствоаралық өзара тиімді ықпалдастық орнатудың қажеттілігін айтты.

Тағы оқыңыз: Тоқаев алғашқы ресми сапармен Мәскеуге барды

"Бүгінде президент те, үкімет те мен бекіткен бағдарламалық құжаттарда, Жолдауда қамтылған, сондай-ақ партия съезінде айтылған міндеттерді орындау бағытында жұмыс істеуде. Бәріміз Қазақстанның игілігі үшін, еліміздің тұрақтылығын, бірлігі мен дамуын қамтамасыз ету үшін жұмыс істеуге тиіспіз. Бұл – бәрімізге ортақ міндет", – деді Назарбаев.

Тағы оқыңыз: Назарбаев: Тоқаев менің артқан үмітімді ақтайды деп сенемін

Қазақстанның Тұңғыш президенті қоғамдық маңызы бар бастамаларды жүзеге асырудың маңыздылығына баса мән берді. Бұл ретте, Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш президент қорының талантты жастарға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған жобаларын іске асырудың өзектілігі атап өтті.

Жиын қорытындысы бойынша Елбасы бірқатар нақты тапсырма берді.