Қоғам

Дизель отынын Қазақстаннан шығаруға неге тыйым салынғаны белгілі болды

Тыйым жарты жыл бойы күшін жоймайды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 сәуір – Sputnik. Дизель отыны көктемгі егіс жұмыстарына байланысты Қазақстан аумағынан шығарылмайды. Бұл туралы бүгін энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Көктемгі егіс жұмыстары басталады. Сондықтан біз үшін ішкі нарықты қамтамасыз ету – басым міндеттердің бірі", - деді Мырзағалиев үкімет кулуарында.

Ол тыйым жарты бойы күшінде болатынын атап өтті. Вице-министрдің айтуынша, алаңдауға еш негіз жоқ. 

"Отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерінің мүддесін ойлап, осындай шешім қабылданды", -деді ол.

Теңге бағамының өзгеруі дизель отыны бағасына қалай ықпал етеді?

Айта кетсек, сәуір айының басында Қазақстан аумағынан автокөлікпен дизель отынын шығаруға тыйым салу туралы бұйрық күшіне енеді.

"Дизель отынын тасымалдаудың кейбір мәселелері туралы" бірлескен бұйрыққа энергетика, қаржы министрлері және ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы қол қойып, ұлттық экономика министрлігімен келісілген еді.