Елорда тынысы

Нұр-Сұлтандағы автобус апаты: әкімдік зардап шеккендердің қазіргі жағдайы туралы айтты

Елорда ауруханаларында әлі 13 зардап шегуші жатыр, олардың төртеуі орташа ауыр халде
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 сәуір — Sputnik. Елордалық әкімдік баспасөз қызметі өткен аптада Нұр-Сұлтан қаласында болған жойқын апаттан зардап шеккендердің жағдайы туралы хабарлады.

Министр Нұр-Сұлтандағы жантүршігерлік апаттың себебі қашан белгілі болатынын айтты

Қазір №2 қалалық ауруханада 12 науқас жатыр. Медициналық мекеме хабарлағандай, сегіз адамның жағдайы қанағаттандырарлық, төртеуі орташа ауыр халде. Екі зардап шегуші ауруханадан шығарылыпты.

Тағы бір адам Ұлттық нейрохирургия орталығында емделіп жатыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, дәрігерлер жолаушылардың бірінің аяғын кесуге мәжбүр болған.

Жантүршігерлік апаттың мән-жайы

Жол апаты 26 наурызда Ұлы Дала көшесі мен Қабанбай батыр даңғылы қиылысында болған. Қала орталығында жолаушылар автобусы алдындағы автобусқа бар жылдамдығымен келіп соғылды, апат салдарынан тағы бір автобусқа, жедел жәрдем және жеңіл көлікке зақым келді.

Апат салдарынан екі адам қаза тапты – қоғамдық көліктің жүргізушісі мен жолаушы әйел. Жантүршігерлік оқиғадан соң 29 адам ауруханаға түскен.