Қоғам

Күн суытады: синоптиктер сәуірде ауа райы қандай болатынын айтты

"Қазгидромет" РМК сәуір айындағы ауа райына консультативтік болжам жасады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 сәуір – Sputnik. Синоптиктердің болжамынша, айдың бірінші және екінші онкүндігінде күн суытады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қазақстанда күн +25 градусқа дейін жылынады
"Қазгидромет" РМК ақпаратынша, сәуір айында ауа температурасы солтүстікте климаттық норма шегінде, ал оңтүстікте нормадан 1°С жоғары болады деп болжанып отыр.

Бірінші онкүндіктің ортасы мен екінші онкүндіктің алғашқы жартысында солтүстік және солтүстік-батыс өңірлерде ауа температурасы -3...-8°С, кей жерлерде -11°С дейін төмендейді, күндіз 0...5°С, кей жерлерде 8°С жылы болады. Ал оңтүстікте түнде 0...+5°С, кей жерлерде 0°С, күндіз +10...+15°С, кей жерлерде 20°С дейін көтеріледі.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда 1 сәуірден бастап не өзгереді?

Батыста бірінші және екінші онкүндіктің басында күн суытады, түнде 0...-5°С суық, күндіз +5...+10°С дейін жылы болады. Орталық және шығыста бірінші онкүндіктің соңы мен екінші онкүндіктің ортасында түнде -3...-8°С, кей жерлерде 11°С дейін суық, ал күндіз +5...+10°С жылы.

"Бірінші және үшінші онкүндіктің басында солтүстік, орталық және шығыста сынап бағанасы +8...+13°С дейін, кей жерлерде +18°С дейін көтеріледі. Еліміздің оңтүстік-батыс және оңтүстік бөлігінде күн +20...+25°С, кей жерлерде +15°С, үшінші онкүндіктің басында кей жерлерде +30°С дейін жылынады", -делінген хабарламада.

Сондай-ақ, сәуірде республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормаға жуық, оңтүстік-батыс және орталықтың кейбір жерлерінде нормадан төмен, ал шығыс пен оңтүстік-шығыстың кейбір аймақтарында нормадан жоғары болады деп болжануда.