Оқиға

Ақмола облысында бөгет бұзылды

Су Көкшетауға бара жатыр, бірақ мамандар ол далаға таралып кетеді деп отыр
Sputnik

КӨКШЕТАУ, 31 наурыз – Sputnik.  Ақмола облысында түнде Кенесары ауылына жақын маңдағы бөгет бұзылды. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бөгет бұзылып, 58 адам көз жұмды: Назарбаев көңіл айтты
Ведомствода жексенбі күні таңертең шұғыл брифинг өтті. Департаменттің мәліметінше, Көкшетаудағы Қылшықты өзені арқылы өтетін Бурабай және Зеренді аудандарының аумағында еріген қар суының негізгі бөлігі жиналып жатыр.

"Бүгін, 2019 жылдың 31 наурызында сағат 04.25-де Кенесары бөгеті бұзылды. Кенесары ауылын су басу қаупі жоқ, су Қылшықты өзені арнасымен облыс орталығынан 17 шақырым жерде орналасқан Иванов бөгетіне қарай жылжып барады", - деп хабарлады департамент.

Кенесары ауылының маңында орналасқан Қылшықты өзеніндегі Кенесары бөгетінің максималды биіктігі – 12,17 метр.  

Кенесары және Иванов бөгеттерінде және Көкшетаудағы Кылшақты өзенінің саласына мониторингтік бақылау постары қойылды.

258 адам, 20 бірлік техника тартылды. Тәулік бойғы режимде жедел штаб Ақмола облысындағы су тасқыны жағдайын бақылайды.