Қоғам

"Көгеріп бара жатты": шымкенттік жігіт Киев әуежайында кішкентай қызды өлімнен құтқарды

Бала кенет қақалып, есінен танып құлағанда, қасындағы ересектер не істерін білмей, абдырап қалған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 30 наурыз — Sputnik. Шымкент тұрғыны Алексей Кудиенко Киев әуежайында кішкентай қыздың өміріне араша түсті. Қазақстандықтың ерлігі туралы оқиға куәгері, Алматы тұрғыны Мехрибан Бәкиева Facebook парақшасында хабарлаған.

"Апама хабарласыңызшы" Көкшетауда көшеден табылған хат әйелдің өмірін құтқарды

Оқиға 22 наурызда Киевтегі әуе айлағында болыпты. Кішкентай қыз кенет қақалып, шашалып, ес-түссіз жерге құлаған. Баланың қасындағы ересектер абдырап, не істерін білмей, жедел жәрдем шақырады. Ал қыздың жағдайы барған сайын нашарлай түскен.

"Қорқып, шарасыздықтан жылап жібердім. Бала көгеріп бара жатты, енді біраз кешіккенде, орны толмас қайғылы жайт болар еді. Арамызда бірде-бір дәрігер болған жоқ. Сол сәтте бір жігіт кішкентай қызға көмекке ұмтылды. Жанталаса не істеп жатқанын көре алмадым. Жиналған жұрт демін ішке тартып, тым-тырыс тұр еді. Кенет қыз есін жиып, жөтеле бастады. Сол сәтте бәріміздің жүрегіміз орнына түсіп, біреулер қол шапалақтай жөнелді, дауыстап жылап жібергендер де болды. Мен де көзіме жас алдым", - деп Мехрибан Бәкиева оқиғаны баяндады.

Алматы тұрғыны атап өткендей, қыз бала демала бастаған соң, әуежайда болған жұрттың бәрі Алексейге алғысын жаудырған.

Жігіттің өзі үшін де бұл күтпеген жайт болса керек, қызды құтқарған ол көз жасына ерік беріп, беймаза күй кешкен.

"Жер бетінде осындай адамдардың барын бәрі білсе деймін. Ол мен үшін нағыз қаһарман. Жүректің әміріне сүйеніп, батыл әрекет етіп, адам өмірін сақтап қалды. Біраздан соң дәрігерлер де келді. Ол кезде қыздың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ еді. Рахмет саған, жақсы адам", - деп адматылық әйел Кудиенкоға алғыс айтты.

Қазақстандық әйел қыздың кім және қай елден екені туралы мәлімет берген жоқ.