НҰР-СҰЛТАН, 29 наурыз – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысындағы Куликов өзенінде су деңгейі кенеттен көтерілді, деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Олардың мәліметінше, мамандар төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.
"Оқиға орнында Бесқарағай ауданындағы №54 өрт сөндіру бөлімі мен Семей қаласының №2 өрт сөндіру және құтқару станциясының мамандары жұмыс істеуде. Қазіргі таңда мотопомпаның көмегімен 25 мың текше метр су сорылып шығарылды. Ауылдың солтүстік бөлігіндегі Куликов өзенінен тасыған суды бұру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ұзындығы 150 метр болатын канал қазылып жатыр", - делінген хабарламада.
Қазіргі таңда облыстық ТЖД күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Тіпті, ауданда кризистік шұғыл штаб құрылыпты.
Сондай-ақ, Шемонаиха ауданындағы Убинка ауылын да су басқан. Бұл туралы ustinka.kz хабарлайды.
Жергілікті басылымның мәліметіне сәйкес, еріген қар суы ауылды басып қалған. Ондағы тұрғындар аурухана мен дүкенге шыға алмай отыр. Олар апатты жағдайдың видеосы мен фотосын Instagram әлеуметтік желісінде жариялапты.