НҰР-СҰЛТАН, 28 наурыз – Sputnik. Сенат депутаты Георгий Ким жолаушылар тасымалын, сондай-ақ техникалық және медициналық тексерістерді жүзеге асыратын шағын және орта бизнес өкілдерінің жауапкершілігін күшейтуді сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жолаушылар тасымалының қауіпсіздігі көліктің техникалық тексерісімен және жүргізушінің медициналық тексерісімен қамтамасыз етіледі", - деді депутат сенаттың жалпы отырысында.
Айтуынша, автокөліктің техникалық тексерісін шағын және орта бизнес өкілдері жүргізеді. Олар индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бұйрығына сәйкес операторлар реестріне қосылған. Ал медициналық тексеріске дәл сол шағын және орта бизнес өкілдері жалдаған медициналық қызметкерлер жауапты.
"Адамдардың көбі жолаушылар автобусымен жүретінін ескеріп, жолаушылар тасымалын, сондай-ақ, техникалық және медициналық тексерістерді жүзеге асыратын шағын және орта бизнес өкілдерін бақылау мен олардың жауапкершілігін күшейту қажет деп санаймын", - деді Ким.
Еске сала кетсек, 26 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында Ұлы Дала көшесі мен Қабанбай батыр даңғылының қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды. Үш автобус соқтығысып, бірнеше автокөлікке, соның ішінде жедел жәрдем көлігіне де зақым келді. Апат салдарынан 1966 жылы туған автобус жүргізушісі мен 26 жастағы жолаушы көз жұмды. 27 адам зардап шеккен.