НҰР-СҰЛТАН, 25 наурыз - Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша премьер-министр Асқар Мамин 23 наурызда Алматы облысына жұмыс сапарымен барып, өңірде тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауы мен тапсырмасында айтылған реформалардың орындалу барысымен танысты, деп хабарлайды үкімет басшысының ресми сайты.
Жұмыс сапары аясында Мамин мемлекет басшысының көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық туралы тапсырмасының қалай орындалып жатқанын көрді. Дәлірек айтқанда, үкімет басшысы Қорғас өзенінде сел және су тасқынынан қорғану жобаларының іске асырылу барысын тексерген.
Содан соң премьер-министр Қазақстан–Қытай шекарасында тауар айналымын ұлғайтуға, Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған Орта Азиядағы аса ірі "Нұр жолы" өткізу бекеті мен "Қорғас — Шығыс қақпасы" АЭА құрғақ портына барды.
Бұдан бөлек, Маминге бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорынның негізгі көрсеткіштері және жаңа нысандардың жобалары таныстырылды: "KIF Warehouses" қойма орындарының терминалы, "Феникс Фид Миллс" құрама жем шығаратын зауыт, "Заря Ltd" астық терминалы.
Сонымен қатар, үкімет басшысы "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы мен оның аумағында орналасқан қазақстандық сауда нысандарына барып, келушілер, тауарлар мен көлік құралдарының қозғалысын тіркеу мен бақылауға арналған автоматтандырылған жүйемен таныстысты.
Талдықорған қаласында Асқар Мамин азаматтардың әл-ауқатын арттыруға арналған әлеуметтік нысандарды аралап, сондай-ақ өңірде индустрияландырудың дамуымен танысқан.
Салынып жатқан тұрғын үй алабын аралап жүріп, премьер-министр өңірде баспананың қолжетімділігін арттыру және мұқтаж жандардың, оның ішінде көп балалы отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешу үшін қабылданып жатқан шараларды тексерді.
Облыс орталығында Мамин "Талдықорған" индустриялық аймағын аралап, Алматы облысындағы басқа индустриялық аймақтардың даму жобаларын көрген. Кейін үкімет басшысы "Қайнар АКБ" аккумулятор шығару зауытын аралап, технологиялық процес пен шығарылатын өнім желісін бақылаған.
Жұмыс сапарының соңында Асқар Мамин Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысын тексеріп, сонымен қатар, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы, оның ішінде туризмді жетілдіру мәселесімен, Алматы қаласы маңын дамыту жобасымен танысты.