Мәдениет

"Қазақ халқына мың алғыс" Димаштың концертінен халық қайтпай тұрып алды  

Димаш Құдайбергеннің Кремль сахнасындағы алғашқы жеке концерті жоғары деңгейде өтті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 наурыз – Sputnik, Дәурен Ерболат. Танымал әнші Димаш Құдайбергеннің Кремль сарайындағы алғашқы концерті қалай өткенін Sputnik Қазақстанның шолуынан оқыңыз.

Жанкүйерлер Димаштың Instagram желісіндегі жеке парақшасына концертті асыға күтіп отырғандарын, оның жоғары деңгейде өтетініне сенімді екендерін жазған болатын.

Ал кейбір жанкүйерлер оған сәттілік тілеп, сүйікті әншісін тіл-көзден сақтаудың жолын айтты.

"Біздің Димашымызға тіл тигізбеу үшін түйреуіш тағып келіңіздер", - деді saulerainbek атты Instagram қолданушысы.

Алла есімді әлеуметтік желі қолданушысы өзінің алыста екенін айтып, Димашқа тек сәттілік тіледі.

"Мәскеуде сағат 19:00, Димаштың концерті басталды. Мен "концертің сәтті өтсін" деп батамды беремін. Барлығы жоғары деңгейде болады. Сен оған лайықтысың", - деді ол.

Димаштың Кремль сахнасындағы алғашқы концерті қалай өтті

Әлеуметтік желі қолданушыларының пікірінше, қазақ әншісінің концерті өте жоғары деңгейде өткен.

Жан Содель есімді желі қолданушысының айтуынша, Кремль сарайының қызметкерлері Димашты тыңдауға келген адамның қарасы көп болғанына қатты таңғалған.

"Олар мұндайды көрмегелі көп болды дейді. 6 мың орындық Кремль сахнасында ине шаншар орын болмаған. Билеттің бағасы 15-300 доллар арасында. Баға – өте арзан. Себебі, әншінің зор дауысын тыңдап, оның энергетикасын сезіну бір ғанибет емес пе? Димаш адамның дауысы жете бермейтін ноталарды алады. Оның вокалы адамдарды аурудан емдейді" – дейді Жан Содель.

Ал Youtube желісіндегі gorinov парақшасында Димаштың концерті әсерлі болғаны соншалық көрермендер үйіне қайтқысы келмегені айтылады.

"Керемет. Халық концерттен кейін қайтқысы келмеді. Нағыз концерт", - деп пікір білдірді Alex. D Youtube желісіндегі парақшада.

Мәскеудегі концерттен үзінді. Димаштың танымал S.O.S d'un terrien en détresse әнін әдеттегідей тамылжыта орындаған сәті.

Сонымен қатар ол концертте қазақ әндерін орындап, домбыраны нақышына келтіре тартты.

Димаштың Мәскеуде өткен концертінің Youtube желісіндегі видеосына пікір білдірушілер көп. Олар әндердің сөзін түсінбесе де, оның мазмұнын жанымен сезетінін жеткізген.

Димаш қатысудан бас тартқан шоудың жеңімпазы анықталды
"Украинадан жалынды сәлем! Шынымды айтайын, әннің сөзін түсініп жатқан жоқпын. Бірақ көзімнен жас еріксіз шығуда. Димаштың ата-анасы, атасы мен әжесі оны мақтан тұтатын шығар. Мұндай отбасыны көру қандай ғанибет. Олардың бір-біріне үлкен құрметпен қарайтыны көрініп тұр. Оларға тек жақсылық тілеймін. Құдай қолдасын", - деп жазды Ольга есімді жанкүйер.

Ал енді бір жанкүйер Димаштай ұлды дүниеге әкелген ата-анасына, қазақ халқына алғасын білдіріп жатты.

"Қазақ бауырларым, осындай талантты әншіні әлемге әкелгендерің үшін мың алғыс. Димаштың ата-анасына рақмет. Олар осындай ғажайып адамға өмір сыйлады. Сіздерді Құдай қолдасын", - дейді Александр Славянин.

Сонымен қатар Кавказ жұрты да қазақ әншісінің өнерін бағалайтынын жазды.

"Шешенстаннан сәлем. Бауырым, сенің алдыңда басымды иемін. Шешенстан сенімен бірге. Алла ата-анаңа зор денсаулық берсін", - дейді Ислам Сусуркаев.

Сондай-ақ Димаш Құдайбергеннің Facebook желісіндегі The World Club атты фан парақшасында да жанкүйлер қазақ әншісі алғысын айтып жатты.

"Достар, бүгін біз Димаштың концертінде болдық. Өте қуаныштымыз. Димаштың концертін көріңіздер", - дейді Тамара Гаева есімді желі қолданушысы.

"Мен тек әншімін": Димаш Қытайдағы қандастар туралы айтты
Ал тағы бір жанкүйер Димашты әлем ханзадасына теңеді.

"Концертте отырмын. Әндер жүрегімді елжіретіп жіберді. Ол – керемет. Димаш әлем ханзадасы сияқты", - дейді Magyar Julia Jutka.

Танымал қазақ әншісінің Мәскеудегі D-Dynasty концерті Игорь Крутойдың продюсерлік орталығының қолдауымен өтіп жатыр. Бұған дейін концерттің үзіліссіз үш сағат болатыны хабарланған.

Айта кетсек, 19 наурызда Димаш Құдайбергеннің түрлі елден келген фанаттары әншіні Мәскеу әуежайынан зор қошеметпен қарсы алды. Ресейліктер орыс халқының дәстүрімен қадірлі қонағына нан мен тұздан ауыз тигізді. Димаштың өнеріне тәнті жұрт қолтаңбасын алып, суретке түсіп, сыйлықтарын тарту етіп, мәре-сәре болған еді.