АСТАНА, 21 наурыз — Sputnik. Наурыз мейрамының алғашқы күнінде елорда әкімі Бақыт Сұлтанов қалалықтарды мерекемен құттықтап, шаһар тұрғындары бұрынғыдай астаналықтар болып атала беретінін айтты.
Астана әкімі құттықтауында Наурыз жаңару мен жасампаздықтың, ырыс-береке мен бірліктің мерекесі екенін, халқымыз оны қашанда көтеріңкі көңілмен, ерекше ықыласпен қарсы алатынын атап өткен, деп хабарлады Елорда Инфо..
Ол Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев алдағы 10 жылды елімізді дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосатын шешуші кезең деп атағанын еске салды. Ал Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын-тіршілігін жақсартуды жалғастыруды тапсырған.
"Елорда өткеннің құндылықтарын дәріптей отырып, күллі әлемге "Нұр-Сұлтан" атымен Қазақстанның жаңа бейнесін паш етіп отыр. Бұл –Елбасымыздың ерлігі мен ерен еңбегін бағалау, есімін елеп, мәңгілік тариxта қалдыру. Алайда біз бәріміз астаналық болып қала береміз. Бұл қалыптасқан термин", - деп сөзін жалғады Сұлтанов.
Сөз соңында елорда әкімі Наурыз мейрамында әрбір шаңыраққа шаттық пен толағай табыс, бақ-береке тіледі.