АСТАНА, 20 наурыз – Sputnik. Қазақстанның жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет үшін маңызды шешімді қабылдар алдында Нұрсұлтан Назарбаевтың беделді пікірін ескеретінін мәлім етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Әсіресе, стратегиялық маңызды сипаттағы шешімдерді әзірлеп, қабылдаған кезде Елбасының беделді пікіріне ерекше басымдық беріледі. Осылайша, біз тыныш және қақтығыссыз жағдайда билікті өткізіп жатырмыз. Бұл мемлекеттің ішкі тұтақтылығын сақтауға, әрі Қазақстанның әлем алдындағы беделін нығайтуға тың серпін береді", - деді жаңа президент.
Сонымен қатар Тоқаев Елбасының өкілеттігін тоқтауы билікке келетін жас ұрпақ үшін жақсы үлгі екенін атап өтті.
"Бұл халқымыздың саяси мәдениеті жоғары және данышпан екенін білдіреді", - деді ол.
Сөз соңында жаңа президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдірді.
"Бүгін осы жоғары мінберден өзімнің саяси ұстазым Нұрсұлтан Назарбаевқа әлемдік дамудың күрделі кезеңінде, ел президенті ретінде мемлекетті басқаруға қосқан зор үлесі үшін шын жүректен алғыс айтамын", - деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.