АСТАНА, 19 наурыз – Sputnik. Өткен жылы республика бойынша еңбек қауіпсіздігінің сақталмауы салдарынан 220 адам өндірісте көз жұмған. Бұл туралы бүгін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сапарбаевтың айтуынша, өндірістегі адам өлімі жағдайлары Ақмола, Алматы және Түркістан облыстарында өскен.
Министр қазір еңбек инспекциясы өндірісті жаңғырту, яғни жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жағдай жасау бағытында көптеген кәсіпорынмен жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
"Ендігі мақсат – еңбеккерлерге тиісті жұмыс жағдайын жасау. Осы шараларды жүзеге асыру үшін жол картасын әзірледік", - деді Сапарбаев.
Бұған қоса, ведомство басшысы жұмыс берушілер мен жұмысшылардың арасында еңбек қатынастарын реттеу мәселесіне де тоқталды. Оның мәліметінше, қазір Қазақстан бойынша 40 мыңға жуық еңбек шартына қол қойылған.
"Кейбір кәсіпорындар мен мемкемелердің адамдарды келісімшартсыз жұмысқа алуы проблема туындатып отыр. Біздің мәлімет бойынша, қазір олардың саны бір мыңға жуық. Біз енді олармен Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс істеуіміз керек", - деді министр.