АСТАНА, 19 наурыз - Sputnik. Қазнет қолданушылары Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін тоқтатуына байланысты түрлі ой білдіріп жатыр. Әлеуметтік желілердегі пікірлерді Sputnik Қазақстан тілшісі жинақтады.
Саясаттанушы Досым Сәтпаев бұл жаңалыққа еш таңғалмаған көрінеді.
"Ол кетті, бірақ бәрібір қалды", - деп жазды ол Facebook желісіндегі жеке парақшасында.
Оның пікірінше, ендігі құрылатын жүйені бәрібір Назарбаев басқарады.
"Ақорда Өзбекстандағы жағдайды жіті зерттеген секілді. Мен сондай әсерде қалдым. Ислам Каримов дүниеден өткен соң оның отбасының ықпалы тым әлсіреп кетті емес пе. Сондықтан бұл болашақтың қамы секілді", - деп пікір білдірді саясаттанушы.
Қоғам белсендісі Мұрат Телібеков Елбасыға шексіз алғысын білдіріпті.
"Назарбаевқа үлкен құрмет көрсетуіміз керек. Орнына туысқан біреуін қойып кетпегені үшін. Шын айтамын, ризамын", - деді ол постында.
Ал 31 телеарна бас директорының кеңесшісі Нұржан Жалауқызы Елбасыға деген қимастық сезімін жасырмады.
"19 наурыз 2019 - тариxи күн! Елбасының өкілеттігін тоқтату туралы шешімі Елбасына деген құрметті арттыра түскендей. Іштей қимаймыз. Рас! Бірақ Елбасының бұл шешімінің өзі айтқандай оңай болмағандығын да жақсы түсінеміз. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев - біздің бірінші тұңғыш Елбасымыз! ҚР Сенат басшысы Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаевқа салиқалы сындарлы саяси жол болсын дейміз! Әлі талай сараптама жасалар! Бірақ ең бастысы еліміздің бірлігі, ынтымағы арта берсін!", - деді Жалауқызы болашаққа деген зор үмітпен.
Әнші Майғазиев мемлекет басшысының шешімі туралы естіп, бастапқыда өз құлағына өзі сенбеген көрінеді.
"Бірнеше минөт көзіммен жер шұқып, бір нүктеге қадалып қалдым. Әлем санасқан, саясат сахнасында салмағы басым санаулылардың санатындағы Елбасымызға деген қимастық сезімі өз басымда басым болып тұр. Алла тағала елдің пейіліне қарай патша береді дейді. Нұрсұлтан Әбішұлының дұрыс шешім қабылдауын Жаратушыдан жалбарынып тілейік", - деді ол көңіл толқынысын жасыра алмай.