Театр тарихы
Театр алғаш рет 1967 жылы қараша айында құрылып, өз шымылдығын В.Н. Биль-Белоцерковскийдің "Теңіз дауылы" спектаклімен ашты. Оны режиссер Ф.Литвинская қойды, ал сахнаны әрлеуші В.Давыдов болды.
Театрдың алғашқы директоры Н.Стаховский болды. Бұдан бөлек әр жылдары оған А.Рагулин, В.Назаров, В.Литвин, Л.Житницкий, В.Беседин, М.Лейба, В.Дадаева, А.Тәжиев сынды азаматтар басшылық еткен.
Театрдың әр жылдарғы бас режиссерлері Ф.Литвинская, В. Хурда, П.Ширшов, А.Асанин, ҚАЗКСР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері И.Сермягин, Л. Житницкий, И.Милованов, В. Перунов болған.
Қоюшы-режиссерлер қатарында Б.Скомаровский, И.Милованов, В.Тужилин, Ж.Бодаубаева, Б. Избасаров. А.Файзуллин, В. Сукопов, О.Ізбасаровтар бар.
1967 жылдан бері қарай театр шамамен 350-ге жуық спектаклді сахналады. 2014 жылдан бері қарай театрға Ақылдос Тәжиев басшылық етіп келеді. Ол кісі Қазақ хандығының құрылуына 550 жыл, Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығы құрметіне ел-елді аралап, өнер көрсету туралы бастаманы көтерген.
Беткеұстар әртістер
1980 жылы әртіс Чернушенко Матвеевнаға және Черемисин Петр Михайловичке "Қазақ Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының құрметті әртісі" атағы берілді. 1999 жылы А.Файзулина Қазақстан Республикасының "Құрмет грамотасымен" марапатталды.
1999 жылы А.Әмзеевтің "Жауынгердің анасы" қойылымында басты рөлді сомдаған Г.Соколова "Ерең еңбегі үшін" медалімен марапатталды. 2013 жылғы Алматыдағы Халықаралық мәдениет күні мерекесінде театрдың бас суретшісі Владимир Сизинцев "Ең үздік қоюшы-суретші" атағымен бірге "Еңлікгүл" медалін жеңіп алды.
2016 жылы театр әртісі және режиссері В.Сукоповқа "Мәдениет саласының үздігі" атағы берілді. Сонымен қатар осы жылы театр әртістері Э.Аккулиева, театр әртісі әрі режиссері Б.Ізбасаров "Мәдениет саласының үздігі" төсбелгісімен марапатталды.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай театр директоры А.Тәжиев, актрисалар О.Ізбасарова, Н.Антимоновалар мерейтойлық медальмен марапатталды. Одан бөлек О.Ізбасарова, Н.Антимонова "Мәдениет саласының үздігі" медалін алды.
Театр жетістіктері
1970 жылы орыс драма театры В.Лениннің 100 жылдық мерейтойына арналған Жалпыодақтық байқауда ІІ-орынға ие болды. Онда О.Бадыковтың "Қарақұм трагедиясы" сахналанды.
1973 жылы театр милиция қызметінің қыр-сырын көрсететін жаңадан сахналаған қойылымы үшін Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының мәдениет министрлігінің дипломымен марапатталды.
Ал тәуелсіздік жылдары театр техникалық жағынан жаңарып, жаңа бір деммен іске кірісті. 1998 жылы VІ республикалық театр байқауында М.Кәрімнің "Ай тұтылған түнде" қойылымы сахналанып, онда ойнаған әртіс Е. Дубовикке "Екінші пландағы ең үздік рөл" дипломы берілді.
2010 жылы қыркүйекте Ұлы Отан соғысы жеңісінің 65 жылдығына және Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған ХVІІ Республикалық драма театрлары байқауында театр әртісі Бекназар Ізбасаров "Жолдас комбат" атты қойылымда жақсы ойнағаны үшін қаржылай сыйақыға қол жеткізді.
2012 жылы қыркүйекте театр Бішкектегі Ш.Айтматов атындағы Мемлекеттік ұлттық орыс драма театрының сахнасында А.Камюдің "Калигуласын", А.Лоуренстің "Вестсайдың тарихы" әлеуметтік драмасын сахналап, үлкен жетістікпен өнер көрсетті.
2012 жылы қараша айында Қазақстан Театр Қайраткерлері Одағының ұйымдастыруымен өткен Республикалық "Дебют" талантты жас режиссерлер байқауында жас режиссер Дина Жұмабаеваға 1 орын берілді. Ол С.Бекеттің "Годоны күте, күте... шығармасын сахналады.
2013 жылы Жамбыл облыстық орыс театры Керчь қаласында (Украина) өткен Халықаралық театрландырылған фестивальге қатысып, "Антика тақырыбындағы ең үздік сахна" номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Онда Жанна Ануйяның "Жанталас" трагедиясы сахналанды.
2013 жылы қараша айында Таразда өткен "Тұңғышбай әл-Тарази Таразға шақырады" атты фестивальде М.Булгаковтың "Өлі жандарын" режиссер Дина Жұмабаева сахналап, "Ең үздік ансамбль" номинациясы бойынша жүлделі орынды иеленді. Одан бөлек театрдың 10 әртісіне қаржылай сыйлық табыс етілді.
2013 жылы Бішкекте өткен Шыңғыс Айтматовтың 85 жылдығына арналған Арт-Орда фестивалінде Түркия, Новосібір, Алматы және басқа шет мемлекеттен келген ірі театр ұжымдарымен қатарласа өнер көрсеткен облыстық драма театры үздіктер қатарынан көрінді.
2017 жылы Белградта өткен "Славия 2017" ХVІ Халықаралық фестивалінде Жамбыл облыстық орыс драма театры Эдвард Родзинскийдің "НЕРОН және мен" пьесасын қоюшы-режиссер Қуандық Қасымов сахналап, ол 1-орынды иеленді.
2018 жылы Македонияның Велес қаласында өткен "СТОБИ 2018" Халықаралық антикалық фестивальінде де облыстық театр тағы да осы шығарманы алып шығып, Сенеки бейнесін сомдаған актер Б.Ізбасаров "Ең үздік ер адам рөлі" атағын жеңіп алды.
2018 жылы қарашада Бішкекте өткен "Айтматов және театр" халықаралық фестиваліне театр жазушының "Ғасырдан да ұзақ күн" романын ықшамдап алынған С.Раев пен Н.Әбдіқадыровтың "Найман Ана" драмасын алып шықты. Мұнда театр "Үздік режиссура" номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
Жамбыл облыстық орыс драма театры Қазақстан және өзге шет мемлекеттерге жиі гастрольге шығып, өнерімен көрермендерін қуантып отырады. Бүгіндері театрдың репертуарында 45 қойылым бар. Оның 18-і кішкентай бүлдіршіндерге арналған, ал екеуі театрландырылған қойылымдар.