АСТАНА, 16 наурыз – Sputnik. Премьер-министр Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды үкімет басшысының ресми сайты.
Сонымен қатар, белгілі болғандай, құрылыс жұмыстарын отандық өндірістің қажетті материалдарымен қамтамасыз ету үшін өңірде фибробетон шығаратын жаңа зауыт салынбақ.
Бұған қоса, премьер-министр медиа орталық, конгресс-холл, спорт кешенінің құрылыс барысын тексерді. Мұнда ғимараттардың іргетасын қалау жұмыстары басталып кеткен.
Әкімшілік нысандардың құрылыс барысын тексергеннен кейін, Мамин президенттің тапсырмаларын уақытылы орындауға барлық жағдай жасалғанын атап өтіп, құрылыс жұмыстарын күшейтуді және қажет болса қосымша құрылысшылар тартуды тапсырды.
Сондай-ақ, үкімет басшысы "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Жоба аясында биыл 44 үй, 2020 жылы 52 үй пайдалануға беріледі.
Тағы оқыңыз: Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік хатшы болып тағайындалды
Түркі дүниесінің рухани-мәдени орталығы ретінде Түркістан қаласын дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысу мақсатында Мамин қаланың тарихи-мәдени орталығын аралады. Қожа Ахмет Яссауи мұражайы, "Әзірет Сұлтан" тарихи-мәдени қорығының визит-орталығы, "Ұлы дала елі" орталығы салынып жатқан жерлерде болды. Бұдан өзге, премьерге Түркістан қалашығын абаттандырудың тұжырымдамалық бас жоспары таныстырылды.