АСТАНА, 15 наурыз — Sputnik. Продюсер Баян Алагөзова "Қазақ аруы" сұлулық байқауында бақ сынайтын арулардың фотосуреттері мен видеосын жариялады.
Ұлттық жобаның финалы 19 наурыз күні Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді. Ережеге сәйкес, қатысушылар қазақ тілін жетік білуі, қазақ халқының әдебиеті мен тарихынан, дәстүрінен хабары болуы тиіс.
"Қыздардың зияткерлік қабілетінен бөлек, дене бітіміне де мән беріледі, қатысушылардың шашы ұзын, бойы 170 сантиметрден кем болмауы керек", - деп хабарлады ұйымдастыру комиеті.
Мегаполистердің арулары
Конкурста Қазақстанның елордасынан Анна Вайдурова қатысады, ол би мектебінің директоры болып жұмыс істейді. Орыс қызы қазақшаға судай.
Тағы бір астаналық қатысушы Зарина Балмағамбетованың ұстанымы – қолыңнан келгенше адамдарға көмектес. Ол игі істер жасаудан күш алатынын атап өтті.