АСТАНА, 15 наурыз — Sputnik. Алматы облысының Кербұлақ ауданының кәсіпкерлері көп балалы әрі жалғыз басты 3 бірдей отбасыға үй алып берді, деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметі.
"2013 жылы күйеуіммен ажырасқанмын. Үш баламен пәтерден пәтерге көшіп жүргеніме 5 жылдан асты. Балаларым оқушы, тапқан табысым олардың киімі мен тамағынан артылмайды. Енді міне үлкен әрі таза өзіміздің шаңырағымыз бар", - дейді қуаныш иесі Жұмағыз Медетова.
Қоғалы ауылының азаматы, мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер Қайрат Бекиев сол ауылда тұратын алты баланың анасы Айгүл Ешпаеваға үй сыйлап, қуанышка кенелтті.
Ал Талдыбұлақ ауылының азаматы Кален Тұрсынбаев алты баламен үйсіз жүрген Надежда Лемешкоға осы ауылдан жайлы баспана алып берді.
Сонымен қатар, Қаспан ауылының кәсіпкерлері Сламбай Тоқабаев пен Виталий Тарасенко 11 баланың анасы Гүлнәз Шәкенова мен әлеуметтік жағдайы төмен 3 балалы отбасыға азық-түлік алып берді.