Өңірлер

"Өлген балық көрмедік" Вице-министр Жайықтағы жағдайды көріп қайтты

Нұрлыбай қазіргі таңда өзеннен жиналған 101 тонна өлі балық жойылғанын атап өтті
Sputnik

АСТАНА, 13 наурыз – Sputnik. Энергетика вице-министрі Сәбит Нұрлыбай Жайық өзенінің бетіне қалқып шыққан өлген балықтарды дереу жинап, жойып жіберу керектігін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Былтыр желтоқсанда Жайық өзенінде балықтардың жаппай қырылуына байланысты арнайы ведомствоаралық комиссия құрылған болатын. Комиссия төрағасы – энергетика министрінің орынбасары Сәбит Нұрлыбай. Бүгін Нұрлыбай бастаған комиссия мүшелері жағдайды өз көзімен көру үшін Атырау облысына арнайы келген.

"Бес тонна өлі балық жиналды" Депутат қазақстандықтардың денсаулығына алаңдады
"Қазір күн жылынып, Жайық өзенінің мұзы еріп жатыр. Сондықтан өлген балықтар су бетіне қалқып шығуда. Бүгін біз катерге отырып, Дамбы ауылын бардық. Өзімізбен бірге сүңгуірлерді де алдық. Олар өзеннің түбін видеоға түсірді. Себебі, сіздер білесіздер, кейбір БАҚ өзен түбінде қырылған балықтар өте көп деп хабарлаған еді. Біз су түбінде өліп жатқан балық көрмедік. Сол жерде судың құрамы мен сапасын тексеру үшін сынама алдық", - деді ол брифингте.

Сонымен қатар, олар өзен жағасында балық аулап отырған балықшылармен де сөйлескен.

"Өздері аулаған балықты көрсетті, міне, балық бар дейді", - дейді вице-министр.

 Нұрлыбай қазіргі таңда өзеннен жиналған 101 тонна өлі балық жойылғанын атап өтті.

"Бұл, әрине, жақсы. Бірақ өзен жағасында иісі шыққан балық жеткілікті. Сондықтан әкімдіктер, еріктілер мен кооператив өкілдері бірлесіп, өлген балықтарды жинап, дер кезінде жоюы қажет. Сол кезде азаматтар да алаңдамайды. Сондықтан әкімдік сол балықтарды жинап, жою бойынша жедел шаралар қабылдауы керек", - деді министрдің орынбасары.

Ол әкімдік ғылыми зерттеулерге қаржы бөліп отырғанын айтты.

"Біз зерттеулердің қалай жүретінін бақылап, кейін халыққа Жайық өзеніндегі жағдай бойынша ақпарат береміз", - деп сендірді Нұрлыбай.