Оқиға

Ақтауда клиенттерін қан қақсатқан такси жүргізуші ұсталды

Қаскүнем уақытша ұстау изоляторына жабылды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Sputnik

АСТАНА, 13 наурыз – Sputnik. Такси жүргізуші бауырымен бірге клиенттерін тонап, ұрып-соққан. Бұл туралы Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматыда такси жүргізуші шетелден келген жолаушыдан 23 мың теңге алған
2019 жылдың 10 наурызына қараған түні Ақтау тұрғыны 6- шағын аудандағы 13-үйдің қарсы бетінде такси ұстаған. Автокөлікте екі ер адам: жүргізуші мен кейін белгілі болғандай, оның бауыры болған. Олар клиентті Өмірзақ елді мекені аумағына алып барып, ұрып-соғып, тонаған. Такси жүргізуші зардап шегушінің ұялы телефонын, 30 мың теңгесі мен Toyota Prado көлігінің кілтін алып кеткен. 

10 наурыз күні 03:00-де тағы бір клиент тоналады.  

"Такси жүргізуші клиентті 32-шағын ауданда мінгізіп, оны Green Park тұрғын үй кешені аумағындағы құрылысқа алып келген. Мұнда ол зардап шегушіні ұрып-соғып, күртесін, ұялы телефонын, күміс жүзігі мен 150 мың теңгесін тартып алған", - деп хабарлады Маңғыстау полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қылмыстық полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктіні 12 наурыз күні ұстады, деп жазды lada.kz. 

"Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 178-бабының 2-бөлімі бойынша (ұйымдасқан топ жасаған тонау) такси жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Барлық айғақ зат алынды. Қаскүнем уақытша ұстау изоляторына жабылды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", -деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.