Спорт

Универсиада 2019: Қазақстан құрамасы көш соңында келеді

Қазақстан құрамасының қоржынында әзірге алтын медаль жоқ, бірақ алда әлі жарыстың төрт күні бар
Sputnik

АСТАНА, 9 наурыз – Sputnik. Қазақстан құрамасы Красноярскіде өтіп жатқан Универсиадада 18 орынның он жетісіншісінде тұр.

Жарыстың сегіз күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан қоржынында бір күміс және үш қола медаль бар.
Күмісті шаңғышы Әсет Дүйсенов жеңіп алды. Әуелі ол үшінші болып келген еді, бірақ ресейлік Иван Якимушкин жарыстан шеттетіліп, нәтижесінде қазақстандық спортшы екінші орынды иеленді.

Қола алқаны қазақстандық фристайлшы Жанбота Алдабергенова жеңіп алды.

Сондай-ақ шорт-трек бойынша ерлер мен әйелдер құрамасы үшінші орынға жайғасты.

Алда жарыстың төрт күні бар. Сенбі, 9 наурызда шайбалы хоккейден ерлер құрамасы канадалықтармен кездеседі.

Айта кетсек, XXIX Бүкіләлемдік студенттік ойындар Красноярскіде 2-12 наурыз аралығында өтіп жатыр. Қазақстанның намысын жарыста 95 спортшы қорғайды.

Универсиадада 11 спорт түрінен барлығы 76 медаль жиынтығы сарапқа салынады.