Өңірлер

"Әлі дәрі ішіп көрген жоқ" 104 жастағы кейуана ұзақ жасаудың құпиясымен бөлісті

11 құрсақ көтерген ардақты ана өткен ғасырдағы қазан төңкерісі, аштық және соғыс жылдары, саяси қуғын-сүргін сияқты тарихи оқиғаларға куә болған. 
Sputnik

АСТАНА, 9 наурыз — Sputnik. Қайникеш Мұсабаева жасы жүзден асса да ши тоқып, құрт жаяды. Адалдық пен еңбекті ту еткен бесқарағайлық Қайникеш әженің ғибратты ғұмыры кімге де болса үлгі-өнеге. 

Әйелінің соңынан кеткен: түркістандық кейуана 28 жыл көрмеген ұлымен жылап қауышты
105-ке қадам басқан Қайникеш әженің құлағы жақсы естиді, көзәйнек кимейді екен. Жастайынан еңбекке араласқан ол отбасында мейірімді ана, шаруашылықта еңбекқор бола білді, деп жазады 24.kz.

"Жұмыс жасадым, жұмыстан қалған жоқпын еш уақытта. Жаяу пар түйені жегіп, екі аяқ арбамен жұмысшыларға тамақ та тасыдым. Осы қызымның қолындамын, әлпештеп отыр. Ұлы бар жалғыз, бар тілегім оны үйлендіріп, соның кішкентайын көрсем деймін. Наурыз мерекесі қайырлы болсын. Алла Тағала қайырлы қып, қуанышпен, ойын күлкімен өткізіңдер Наурызды! Мен секілді балалы-шағалы болыңдар", - деген тілегін жеткізді 104 жастағы әжей.

Ғасыр куәсінің өзі көп жасаудың кілті еңбек пен адалдық, адамдарға жақсылық ойлау деп ұғындырса, көршісі әрі 20 жас кіші болса да құрбысындай ойнап, күлетін Бақыт апай басқа да құпиялар бар дейді.

"Ертіс жағасында болып, жегенінің бәрі балық. Балық жеген кісі көп жасайды, қымыз ішкен кісі көп жасайды, мен өзім соны білемін.

Бұл кісі әлі дәрі ішіп көрген жоқ. Жастар бала әкелуге қорғанады қазір, сонда да бізден денсаулығы төмен. Ал мына ауылдың көп бала көтергендерінің бәрі 90-ға, 95-ке келіп қайтыс болып жатыр", - дейді Бақыт Исатаева

Польшада 90 жастағы әжей қазақстандық отбасыны іздеп жатыр
"Ешкімге ренжімедім, адамдарға тек жақсылық тіледім. Барынша кешірімді болыңдар, ағайынның арасында береке-бірлікті сақтаңдар" дейді кейуана.

Ғасыр жасаған Қайникеш әже қартайдым деп үйде қарап отырған жоқ. Арасында аулаға шығып, шаруашылыққа көмектесіп тұрады. Ал оның еңбек жолы бүгінде ауыл тұрғындарына ғана емес, бүкіл аудан халқына өнеге дейді жерлестері.

Бүгінде Бесқарағай ауданында 90-нан асқан 100-ден астам қария бар екен. Оның үшеуі ғасыр куәсі.