Қоғам

"Сыпсыңдап сөйлеме, бұраңдап қылымсыма": қазақтың қыз-келіншектерге қатысты тыйымдары

Қыз бала ұлт тәрбиесінде үлкен рөл атқаратынын жақсы білген қазақ халқы қыз тәрбиесіне ерекше мән берген
Sputnik

АЛМАТЫ, 8 наурыз – Sputnik. "Қызға қырық үйден тыйым" деген нұсқау қазақта атадан балаға мұра боп, бүгінге жетіп отыр. Соның бір парасын Sputnik Қазақстан назарларыңызға ұсынады.

Қазақ халқы қыз тәрбиесіне ерекше мән берген. Себебі қыз бала болашақ ана, аяулы жар болғандықтан ұлт тәрбиесінде үлкен рөл атқаратынын жақсы білген.

Сондықтан кішкене күнінен бастап қазақтар қызды ұяңдыққа, кішіпейілділікке, сыпайылыққа, бауырмалдылыққа баулып, белгілі бір ырым-тыйымдармен тәрбиелеп отырды.

Ескірген тыйымның бір түрі - бедеу әйелдерді қонаққа шақырмау

Қазақ - өте қонақжай халық. Бірақ қонаққа шақырылмауы тиіс адамдары да болған. Соның бірі – баласы жоқ жұптар. Мәдениеттанушы Бердалы Оспан өз еңбегінде "Қазақ ондайларды қубас деп атаған" деп көрсетеді.

"Қазақ – өте балажан халық. Көпбалалы болғанын қалайтын ұлттың бірі. Сондықтан шілдеханаға, үйлену тойына немесе қыз ұзату тойына баласы жоқ жандарды шақырмаған. Көзі тиеді, бәлесі жұғады деп ырымдаған", - деп жазады ол.

Бүгіндері бұл ырым-тыйымға көп қазақ сүйене бермейді.

Қазақтың қыз-келіншектері қара киім кимеген, шашын жаймаған

Қазақ баласының шашына ерекше мән берген. Ұлдарына шаш өсіртпеген, ал қыздарының шашын өріп, бұрым қып жіберген. Ал бұрымның басына шолпы таққан. Сылдырлап тұратын шолпы жын-шайтанды қуады деп сенген.

"Үйге кіріп келе жатқан бала құлап қалса..." Қазақтың ырым-тыйымы туралы не білеміз?
Түскен шашты қыз түгілі апаларымыз да жинап, сақтаған. Өйткені оны құс іліп кетсе немесе біреу таптаса, онда ол адам бас ауруына шалдығады деп ойлаған. Дуалауға да шаш тапсырмас дүние деп сырт көзден оны тығып, сақтаған.

Қазақта тек ерінен айырылған әйел ғана шашын жайып, жоқтау айтқан.

Сондай-ақ қазақтар қыз баланың шашын кестіртіп, қысқартқызбаған. Мәселен, жүкті әйел шашын кессе, ішіндегі бала кемтар боп туады деген пайым-түсініктері болды.

Қазақ әйелдерінің қоғамдағы мәртебесіне қарай киім үлгілері, соның ішінде бас киімдері де болған. Мәселен, қазақ қызы үкілі тақия, құндыз бөрік киген. Көбіне қос бұрымын алдына жіберіп, кейде басын жалаңаш ұстаған. Ал әйелдері жас ерекшелігіне қарай кимешек таққан. Көбіне ол ақшаңқай түсте боп келеді.

Қазақта "қара жамылған" деген сөз бар. Ол отбасындағы бір жанынан, жақынынан айырылған әйелдерге қатысты айтылған.

Жазылмаған дала заңындағы қыз-келіншектерге арналған тыйым түрлері:

  • Жарыса сөйлеуге
  • Жалғыз қыдыруға
  • Жыртақтап күліп, сыпсыңдап сөйлеуге
  • Орынсыз ұрынуға
  • Басқаларға қол тигізуге
  • Өтірік, өсекке
  • Суық жүріс, сумаң қылыққа
  • Кісіге қарай керіліп есінеуге
  • Талтайып отыруға
  • Шалқайып жатуға
  • Тамақты обырлана асауға
  • Ұрлық-қарлыққа
  • Ұятты мүшелерін ашып жүруге
  • Бұраңдап қылымсуға
  • Қызыл іңірде жатуға
  • Түске дейін ұйықтауға
  • Кісі алдында киім ауыстыруға
  • Салт-дәстүрден аттауға
  • Елді ғайбаттауға
  • Үлкендердің жолын кесіп, атын атауға
  • Ішімдік ішу, шылым шегуге
  • Ұрыс-керіске
  • Беттен алып, бет жыртысуға
  • Қараулыққа, ысырапқа
  • Рахымсыздық пен қатыгездікке
  • Түнде суға жалғыз баруға
  • Жат жыныстылармен араласып жатуға
  • Күйеуге қашып тиюге
  • Әдепсіз сөзге
  • Тарс-тұрс етуге
  • Адам мен жануарларды тебуге
  • Кісіні қорлап жәбірлеуге
  • Тәкаппарлық пен сайқымазақ жасауға
  • Айқай-сүреңге
  • Шектен тыс сыланып жасануға
  • Қызғаншақтық пен күңшілдікке
  • Менмендік пен өзімшілдікке
  • Алдап-арбауға
  • Көрсеқызарлыққа
  • Нәпсі құмарлыққа тыйым салынады.