"Не керегі бар?" Белгілі ғалым тегіне руының атын қоятындарға шүйлікті

Қоғам қайраткері азаматтардың аты-жөнін рәсімдеуді бір жүйеге келтіру қажеттігін айтты
Sputnik

АСТАНА, 6 наурыз – Sputnik. Белгілі қоғам қайраткері, профессор, дипломат Сайлау Батыршаұлы руға бөлінбей, ұлттық мүддені бәрінен жоғары қою қажеттігін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Профессор: қазақ екеніңмен мақтану — теріс діни ағыммен күресте басты иммунитет

"Руханият алаңы" ғылыми-танымдық пікір-талас клубында өткен жиында қоғам белсенділері азаматтар аты-жөнін жазған кезде "ов", "ова", "ев", "ева", "ин" деген жалғаулардың орнына "ұлы" мен "қызы" жалғауларын пайдалануы қажет деген мәселе көтерді.

Осы орайда белгілі ғалым Сайлау Батыршаұлы бүгін де қазақстандықтар аты-жөнін әртүрлі жазып жүргенін айтып, оны бір жүйеге келтіру қажеттігін жеткізді.

"Азаматтарымыздың жартысы аты-жөнін түрікше, не орысша үлгіде жазып жүр. Ал кейбірі аты-жөнін қазақиландырып, "ұлы", "қызы" деген жалғауларды қосып жатыр. Бір күні ғалым Ақселеу Сейдімбек фамилиясын "Тарақты" деп өзгертіпті. Содан соң кейбір азаматтар фамилияларына руларының атын қойып, "Жалаири", "Албани" деп өзгерте бастады", - деді ол.

Сонымен бірге қоғам қайраткері руға бөлінбеу керектігін, бұл мәселеде ұлттық мүддені жоғары қою қажеттігін айтты.

Нағыз қазақтардың көзі көк, шашы сары болғаны рас па: аңыз vs шындық?

"Біз ұлттық сана-сезімімізді оятудың орнына, қайта рулық деңгейде ойлап, төмен кетіп бара жатырмыз. Жүзіңді, руыңды біл, онымен мақтан. Бірақ фамилияға рудың атын қою қажет пе? Мен "керек емес" деп көлемді мақала жаздым. Кейін бір жиында Ақселеу Сейдімбекпен кездесіп қалдым. Ол маған қарай берді. Сосын жаныма келіп: "Сәке, мақалаңызды оқыдым. Мен туралы жазыпсыз, онымен келісемін. Фамилиямнан "Тарақтыны" алып тастаймын" деді де, алып тастады. Ал кейбір азаматтар маған өкпелеп, жау көреді", - деді Сайлау Батыршаұлы.

Жиында Байқоңыр ауданының халыққа қызмет көрсету орталығы 5-бөлім басшысының орынбасары Дана Атымтаева құжаттарды рәсімдеген кезде заң бойынша әрбір азаматтың құқығы ескерілетінін атап өтті.

"Заң бойынша әрбір азамат аты-жөнін қалай жазғысы келсе, солай жазуға құқығы бар. Халыққа қызмет көрсету орталығы тұрғындарға тек қызмет көрсетеді. Ал құжаттарды рәсімдеумен АХАЖ бөлімі айналысады", - деп ол сөзін түйіндеді.