Қоғам

Білім министрі: біз Сағадиевтің емес, мемлекеттің саясатын жалғастырамыз

Күләш Шәмшидинова келесі жылы жаңа білім бағдарламасы қабылданатынын мәлімдеді
Sputnik

АСТАНА, 5 наурыз – Sputnik. Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова мемлекеттің білім саласындағы саясатын одан әрі жалғастыратынын жеткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Көп шулатқан мәселе" Жаңа білім министрі үштілділікке қатысты ойын айтты
"Біріншіден, әр министр өз реформасын енгізбейді. Жалпы мемлекетімізде білім саясатына қатысты қалыптасқан шаралар бар. Міне, біз осы шараларды енгіземіз. Бірақ, әр министр кейбір мәселелерде асығуы немесе кей мәселелерді тежеуі мүмкін, кейбір мәселелерді өз тұрғысынан қарауы мүмкін", - деді Шәмшидинова үкімет кулуарында.

Ведомство басшысы келесі жылы жаңа білім бағдарламасы қабылданатынын жеткізді.

"Қазақстанның білім бағдарламасы биыл аяқталып, келесі жылға жаңа білім бағдарламасы қабылданады. Бірақ, жаңа білім бағдарламасы аясында үлкен күрделі өзгерістер туралы әңгіме айтылып отырған жоқ. Біз басталған шаруаны өз биігіне шығаруымыз керек", - деді министр.

Ал журналистердің "министрлік Сағадиевтің (бұрынғы білім және ғылым министрі – Sputnik) саясатын жалғастырады деп айта аламыз ба? деген сұрағына:

"Біз Сағадиевтің саясатын емес, мемлекеттің білім саласындағы саясатын жалғастырамыз", - деп жауап берді.