АСТАНА, 2 наурыз – Sputnik. Қазақстандық Ержан Максим ресейлік "Голос. Дети" тележобасына қатысып, танымал әншілерді зор дауысымен таңғалдырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
11 жастағы Ержан жобаға қатысу үшін Оралдан Мәскеуге арнайы келген. "Голос. Дети" жобасында ол танымал италиялық опера әншісі Андреа Бочеллидің Ama credi e vai әнін тамылжыта орындап берді.
Оның әнді шырқаған видеосы Youtube желісінде жарияланды.
Ержанның әнді нақышына келтіре орындауы ресейлік танымалар әншілерді тәнті етті. Тележобаның әділ қазылары Валерий Меладзе, Светлана Лобода, Пелагея 11 жастағы баланың музыкалық қабілетіне жоғары баға берді.
Қазақстандық әнші "Голос. Дети" конкурсындағы тәлімгері ретінде Валерий Меладзені таңдады.
"Мінеки инстадостар, өздеріңіз көріп куə болдыңыздар! Мен Валерий Меладзені таңдадым! Алда əлі жұмыс көп! Баршаңызға үлкен рахмет! Енді " Жекпе-жекте" кездескенше", - деді Ержан Іnstagram желісіндегі жеке парақшасында.
Айта кетейік, осыған дейін 11 жастағы оралдық әнші 2018 жылы Қазақстанда өткен Junior Eurovision байқауына қатысқан.