АСТАНА, 28 ақпан – Sputnik. Осы жылдың 1 шілдесінен бастап айлығы төмен медбикелер мен кіші медициналық персоналдың жалақысы 30%-ке өседі. Бұл туралы бүгін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған қоса, оның айтуынша, жоғары сұранысқа ие дәрігерлердің де жалақысы ұлғаяды. Жалпы алғанда, 225 мыңнан аса медициналық қызметкердің жалақысын өсіру жоспарланып отыр.
"Осыған орай республикалық бюджеттен 2019 жылы 37,6 миллиард теңге, ал 2020 жылдан бастап 78,7 миллиард теңге бөлінеді", - деді министр.
Сонымен қатар, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында 2021 жылға дейін 595 амбулаториялық мекеме салу жоспарлануда. Оның 577-сі – ауылдық елді мекендерде, ал 18-і – қалаларда бой көтереді.
Айта кетсек, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен "Нұр Отан" партиясының XVIII съезінде бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын 30 процентке көбейтуді тапсырған еді.