Өмірбаяны
Мадина Ерасылқызы Әбілқасымова 1978 жылы 1 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. Әкесі Ерасыл Әбілқасымов – елге белгілі дәрігер, мәжілістің бұрынғы депутаты.
Тағы оқыңыз: Мадина Әбілқасымова өзін отставкаға кетсін дегендерге жауап берді
Білімі
1999 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын "халықаралық экономикалық қатынастар" мамандығы, 2003 жылы Колумбия университетінің магистратурасын "экономикалық саясатты басқару" мамандығы бойынша, ал 2011 жылы Гарвард университетінің Кеннеди атындағы мемлекеттік басқару мектебін (мемлекеттік басқару магистрі) тәмамдаған.
Тағы оқыңыз: Еңбек министрі Мадина Әбілқасымова қызметінен кетті
Отбасылық жағдайы
Тұрмыста, үш баланың анасы. Аружан, Диана есімді қыздары мен Әлихан есімді ұлы бар.
Еңбек өтілі
- 1999-2001 жылдары – Стратегиялық жоспарлау агенттігінің бас маманы;
- 2003-2004 жылдары – Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі стратегиялық жоспарлау басқармасының басшысы;
- 2004-2006 жылдары – "Маркетингтік-талдамалы зерттеулер орталығы" АҚ мемлекеттік саясатты талдау департаментінің директоры;
- 2006-2008 жылдары – ҚР премьер-министрі кеңсесі әлеуметтік-экономикалық бөлімі меңгерушісінің орынбасары;
- 2008-2011 жылдары – президент әкімшілігі стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығы меңгерушісінің орынбасары;
- 2011-2013 жылдары – экономикалық даму және сауда вице-министрі;
- 2012 жылдан бастап Дүнижүзілік банктің Қазақстандағы басқарушысының орынбасары;
- 2013-2014 жылдары – экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі;
- 2014 жылдың тамызынан 2018 жылдың ақпанына дейін – ұлттық экономика вице-министрі;
- 2018 жылдың 9 ақпанынан 2019 жылдың 25 ақпанына дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарды.
Марапаттары
2008 жылы "Астананың 10 жылдығы", 2011 жылы "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл", 2012 жылы "Ерен еңбегі үшін", 2015 жылы "Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл", 2015 жылы II дәрежелі" Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына қосқан үлесі үшін", 2016 жылы "ҚР тәуелсіздігне 25 жыл" медальдарымен, ал 2016 жылы "Құрмет" орденімен марапатталған.
Тағы оқыңыз: Назарбаев жаңа білім министрін тағайындады
Әбілқасымова халыққа неге жақпай қалды?
Мадина Әбілқасымова – бір жылдың ішінде халықтан біраз сын естіп, ақыры қызметінен босатылған экс-министр. Оның сынға жиі ілінуіне себеп те жоқ емес.
"Ресейде ана капиталы деген бар. Бірақ, бізде барлық жылды есепке алсақ, аналар бірнеше миллион теңге алады, ал жәрдемақы – өмір бойы төленетін көмек", - деген еді бұрынғы басшы.
Көпбалалы аналарды "миллионерге" теңеп қойған Әбілқасымованың сөздері әлеуметтік желіні шарлап кетті.
Ал 4 ақпанға қараған түні Астанада болған ауыр трагедия жағдайды одан әрі ушықтырып жіберді. "Времянкадан" шыққан жойқын өрт көпбалалы ата-ананы бес бірдей баласынан айырған еді. Белгілі болғандай, бес қыздың әке-шешесі түнгі уақытта жұмыста болған. Барша қазақтың қабырғасын қайыстырған қазадан кейін қазақстандықтар сол кездегі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымованың отставкаға кетуін талап етті.
Тағы оқыңыз: Назарбаев әр балаға 21 мың теңге төлеуді тапсырды
Алапат өрттен кейін ертесіне Әбілқасымованың Forbes Kazakhstan журналына берген сұқбаты мен мұқабаға басылған суреті жарияланып, желі қолданушыларының наразылығын одан әрі күшейтті.
Қайғылы оқиғадан кейін үкімет отырысында төбе көрсетпеген Әбілқасымова тағы да сынға ілікті. Журналистердің барлық сауалына орынбасары Светлана Жақыпова жауап беріп, сол кездегі басшысының үкіметке неге келмегенін түсіндіруге тырысқан еді.
"Министр өткен аптадан бері ауырып жүр. Кеше (4 ақпан күні – Sputnik) өзі барып ата-анасына көңіл айтты", - деген болатын Жақыпова.
2019 жылдың 21 ақпанында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев республиканың оныншы премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев басқарған үкіметті отставкаға жіберді. Премьер-министр лауазымына Асқар Мамин тағайындалып, үкіметтің жаңа құрамы бекітілді. Халық сынына жиі ұшыраған Әбілқасымова қызмет орнын сақтап қала алмады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тізгіні Ақтөбе облысының экс-әкімі Бердібек Сапарбаевқа берілді.
Тағы оқыңыз: Үкіметтің жаңа құрамы белгілі болды