АСТАНА, 27 ақпан — Sputnik. Тараздағы көпқабатты үйден шыққан жарылыс салдарынан, соңғы деректер бойынша, үш адам қаза тапты, деп хабарлайды Жамбыл облысының полиция департаменті Sputnik Қазақстан тілшісіне.
Бұған дейін екі адамның ажал құшқаны туралы айтылған еді. Бірнеше сағаттан соң үйінді астынан үшінші құрбанның денесі табылды. Зардап шеккен алты адам Тараз қаласының №1 ауруханасында ауыр халде жатыр.
Естеріңізге сала кетсек, бүгін таңертең Тараздағы төрт қабатты тұрғын үйдің екінші қабатында жарылыс болды. Пәтерлердің бірінде газ жарылып, салдарынан 1-3 қабаттар қирап қалады. Бастапқы деректер бойынша, төтенше оқиғаға газды пайдалануда қауіпсіздік ережелерін сақтамау себеп болған.
Апат болған үйдің тұрғындары түгел эвакуацияланып, жақын жердегі мектепке орналастырылды. Оларға қажетті жағдай жасалып, психологтар көмектесіп жатыр.
Қайғылы оқиға туралы премьер-министр Асқар Мамин президентке шұғыл хабарлады. Мемлекет басшысы үкіметтік комиссия құруға тапсырма берген. Үкімет басшысының орынбасары Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен құрылған комиссия мүшелері Таразға аттанып кетті.